Алматыда пластмасса және химия өнеркәсібіне арналған халықаралық Plastex Qazaqstan 2026 көрмесі өтуде. Ауқымды салалық іс-шара бір алаңда полимер және химия нарығының жетекші ойыншыларын, жабдық өндірушілерін, сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдерін біріктірді.
Ұйымдастырушылар пластмасса және химия өнеркәсібі салаларындағы инновацияларды қолдауға және бүкіл Орталық Азия өңірінде орнықты даму қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударды.
Көрмеде пластмассаларды өңдеу, полимерлер, шикізат, химиялық компоненттер және өнеркәсіптік жабдықтар өндірісіндегі озық жетістіктерді қазақстандық және шетелдік жетекші компаниялар таныстырды.
Көрме аясында пластмасса нарығының даму үрдістері, импортты алмастыру, полимер өнеркәсібін дамыту стратегиялары, сондай-ақ химия өндірісіндегі экологиялық аспектілер мен жасыл технологиялар талқыланған пленарлық сессиялар өтті.
«Қазақстанның полимерлік өнімі: мұнай-газ химиясы өндірістерін іске қосудан жоғары қайта өңделген өнімге дейін» сессиясында «QazIndustry» АҚ Химиялық өнімдерді дамыту дирекциясының басшысы, химия ғылымдарының кандидаты, техника ғылымдарының докторы Ерлан Жатқанбаев сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында полимерлерді терең өңдеу және Қазақстанда ғылымды қажет ететін өндірістерді дамыту мәселелеріне тоқталды.
Спикер шикізат базасын кеңейту және түрлі салаларға қажетті, белгіленген сипаттамалары бар дайын өнім шығаруды жолға қою қажеттігін атап өтті. Сарапшы қолданыстағы мұнай-химия қуаттарына сүйене отырып, тапшы шикізат – стирол, полистирол, АБС-пластиктер және акрил мономерлерін өндіруді жолға қоюды ұсынды. Бұл суперабсорбенттер мен ион алмастырғыш шайырлар сияқты материалдар өндірісіндегі импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай бастамаларды табысты іске асыру үшін шикізатты ұзақ мерзімді жеткізудің және оффтейк-келісімшарттардың маңыздылығына да назар аударылды.
Рецептура әзірлеу және сынақтар жүргізу үшін ғылымды нақты өндіріспен тығыз байланыстыру қажеттілігіне де ерекше назар аударылды. Е. Жатқанбаев шикізат өндірушілерінің, қайта өңдеушілердің, ғалымдар мен тұтынушылардың күш-жігерін біріктіріп, бірлескен жобалар құруға шақырды.
Сонымен қатар спикер химия және полимер секторларын қолдаудағы QazIndustry мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. QazIndustry салалық бастамаларды аналитикалық пысықтаудан бастап, саладағы басым жобаларды іріктеуге дейін сүйемелдеуге дайын екенін атап өтті.
«Біз инвестициялық идеяны нарық қажеттіліктерімен байланыстыруға, өндірістік кооперация мүмкіндіктерін және жобаны іске асыруға қажетті жағдайларды айқындауға көмектесе аламыз», – деп қорытындылады Е. Жатқанбаев.


