QazIndustry өкілі Powerexpo Almaty 2026 көрмесінде Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі мен ЭКСЖ туралы баяндады

21–23 қазанда Алматыда «Энергетика, электротехника және энергетикалық машина жасау» атты 24-ші Powerexpo Almaty 2026 және «Атом энергетикасы және өнеркәсіп» атты 9-шы Kazatomexpo 2026 Қазақстандық халықаралық көрмелері өтті. Іс-шараға өндірушілер мен жеткізушілер, мемлекеттік органдардың, энергетикалық компаниялардың, өнеркәсіп секторының, сарапшылар қауымдастығының және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Көрмелерге Австрия, Беларусь, Германия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Польша, Түркия, Франция және Чехиядан келген 240 компания қатысты.

Қорытынды күні, 23 қазанда энергетикалық жобаларды іске асырып жатқан отандық кәсіпорындардың қатысуымен «ҚазЭнергоОТП-2026» III форумы өтті. «Қазақстанда жергіліктендіруді қалай жеделдетуге болады?» атты панельдік сессияда «QazIndustry» АҚ Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова негізгі спикерлердің бірі ретінде сөз сөйледі. Ол Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысын және «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының (ЭКСЖ) іске асырылу барысын таныстырды.

«Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілу кәсіпорындарға мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға, оның ішінде ЭКСЖ жобаларына қатысуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндік береді. Бұл тапсырыс берушілермен ұзақ мерзімді шарттар, оффтейк-келісімшарттар және жоспарланған қажеттіліктер негізінде өзара іс-қимыл орнатуға жол ашады», – деп атап өтті спикер.

Ж. Жақыпованың мәліметінше, қазіргі уақытта тізілімде 79 мыңнан астам тауар позициясы бойынша отандық өндірушілердің 7 293 субъектісі тіркелген. Тізілімде машина жасау, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен, химия және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары басым.

ЭКСЖ аясында қазіргі уақытта электрондық платформада жалпы сомасы 95 млрд теңгеден асатын материалдарға қажеттілігі бар 88 жоба орналастырылған. Жоба іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 3,57 млрд теңгеге 54 шарт жасалып, құны 4,58 млрд теңгені құрайтын 114 тапсырыс берілген. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жасалған шарттар бойынша тауарлардың үздік бестігіне полиэтилен құбырлары, трансформаторлар мен электротехникалық жабдықтар, құбыр арматурасы, кабель өнімдері және сорғы жабдықтары кіреді.

Панельдік сессия аясында QazIndustry өкілі форумға белсенді қатысқаны және елдің энергетика мен өнеркәсіп кешендерін дамытуға жәрдемдескені үшін «Green Platform Kazakhstan» қауымдастығының алғыс хатымен марапатталды.