2022–2025 жылдар аралығында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өңдеу өнеркәсібі саласындағы құзыретіне сәйкес 73 кәсіптік стандартты әзірлеп, өзектендірді. Бұл стандарттар өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне белгілі бір деңгейде ықпал етті. Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіптік стандарттарды әзірлеудің заманауи тәсілдері туралы мақала дайындады.
Қазақстанда кәсіптік стандарттар жүйесі Ұлттық біліктілік жүйесінің (ҰБЖ) базалық элементі болып табылады. Олар нақты кәсіптер мен салалар бойынша қызметкерлердің біліктілігіне, құзыреттеріне, еңбек мазмұнына, сапасы мен жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайды. Әрбір кәсіптік стандарт маман орындауға тиіс нақты еңбек функцияларын сипаттайды, сондай-ақ Ұлттық біліктілік шеңберіне сәйкес біліктілік деңгейлері бойынша бөлінеді.
Стандартта кәсіптер карточкалары, оның ішінде міндеттер мен қажетті дағдылар деңгейлері; білімге, практикалық жұмыс тәжірибесіне және білім деңгейіне қойылатын талаптар; қызметкерлердің біліктілігін бағалау құралдары қамтылады.
Жұмыс берушілер үшін кәсіптік стандарт персоналды іріктеу, лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу, қызметкерлердің тиімділігін бағалау және компания ішінде оқытуды жоспарлау кезінде бағдар болып табылады. Қызметкерлер үшін кәсіптік стандарт мансаптық өсу үшін қандай дағдыларға сәйкес болу қажеттігін түсінуге мүмкіндік береді.
Кәсіптік стандарттар біліктілікті растау рәсімі арқылы тек формалды білімді (жоғары оқу орындары, колледждер) ғана емес, сонымен қатар формалды емес оқытуды (курстар, тренингтер, өздігінен білім алу) да ресми түрде тануға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесі (жоғары оқу орындары, колледждер) еңбек нарығының нақты сұраныстарына сәйкес білім беру бағдарламаларын бейімдеу және түлектердің жұмыс берушілер сұранысына ие өзекті дағдыларға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін кәсіптік стандарттарды пайдаланады.
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде кәсіптік стандарттар жүйесі экономиканың нақты секторын жаңғыртуда, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және халықаралық талаптармен үйлестіруде маңызды рөл атқарады. Дәстүрлі түрде тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларда кәсіптік стандарттар анағұрлым егжей-тегжейлі әзірленген.
Ұлттық біліктілік жүйесінің тізілімдерінде жұмысшы мамандықтар, инженерлік-техникалық құрам және кәсіпорындардың басшылық буыны үшін жүздеген стандарт бекітілген. Олар қондырғы операторлары, аппаратшылар мен слесарьлардан бастап, бас технологтар мен өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі инженерлерге дейінгі біліктілік деңгейлерін нақты сипаттайды.
Қазіргі кезеңде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жүйесін қайта құру процесі жүріп жатыр. Енді кәсіптік стандарттар қолданыстағы міндеттерді жай ғана тіркеу құралы емес, озық дамуды қамтамасыз ететін құрал ретінде қарастырылады:
· нормативтік база жаңа жоғары технологиялық өндірістерді іске қосуға, зауыттарды цифрландыруға (Индустрия 4.0) және жасанды интеллект элементтерін енгізуге бағытталып әзірленіп, жаңартылуда;
· жаңа өнеркәсіптік желілер іске қосылғанға дейін персонал мен технологияларға қойылатын талаптарды алдын ала пысықтау қажеттілігі ескеріледі.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өңдеу өнеркәсібі саласындағы құзыретіне сәйкес 2022–2025 жылдар аралығында 73 кәсіптік стандартты әзірлеп, өзектендірді. Бұл жұмыс салалық қауымдастықтармен, жұмыс берушілермен және оқу орындарымен өзара іс-қимыл негізінде жүргізілді.
Кәсіптік стандарттарды енгізу және қолдану өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне жүйелі әрі елеулі ықпал етеді. Олар кадрларды басқару мен еңбекті қорғаудан бастап, жалпы өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға дейінгі негізгі процестердің іс жүзінде барлығын қамтиды. Бекітілген стандарттарға сәйкес келетін білікті кадрлардың болуы өндірістегі ақаулар, авариялық жағдайлар және күрделі жабдықтардың істен шығу ықтималдығын төмендетеді.
Бұдан бөлек, кәсіпорындар кәсіптік стандарттармен салыстыру арқылы анықталған құзыреттер тапшылығына сүйене отырып, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын нысаналы түрде қалыптастыра алады.
Стандарттар жұмысшылар, инженерлік-техникалық құрам және басшылық буын арасындағы міндеттерді нақты бөлуге мүмкіндік береді, осылайша функциялардың қайталануын немесе жауапкершіліктегі «ақтаңдақтарды» болдырмайды. Кәсіптік стандарттар еңбек ақы төлеудің әділ әрі негізделген жүйесін қалыптастыруға негіз болады. Мұндай жүйеде сыйақы мөлшері орындалатын еңбек функцияларының күрделілігі мен біліктілік деңгейіне (разряд/санат) тікелей байланысты болады.
Ұзақ мерзімді перспективада кәсіптік стандарттар кәсіпорындардың цифрлық және технологиялық трансформациясының маңызды құралы болып табылады. Себебі олар заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған басқару жүйелерімен және роботтандырылған кешендермен жұмыс істеуге қойылатын талаптардың деңгейін айқындайды.
