«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Алматы қаласының өнеркәсіптік кәсіпорындарына көшпелі тур ұйымдастырды. Оған жер қойнауын пайдаланушылар – KAZ Minerals және Eurasian Resources Group компаниялар тобының, «Богатырь Көмір», «Сары Қазна», Solidcore Resources және RG Gold компанияларының өкілдері қатысты.
Көшпелі тур аясында қатысушылар бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынға барып, өндірістік процестермен, технологиялық мүмкіндіктермен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Сондай-ақ одан әрі ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылады.
Атап айтқанда, делегация «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Казлегпром-Алматы» ЖШС, Platus.kz, KSC-Plast, Galaxia Technology, Tokyo Rockbox Almaty, Harmony Cable, «ЭлектроБар», Telli Ondiris, «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн», «Энергетическая компания» және Nero Group кәсіпорындарына барды.
«QazIndustry» АҚ Елішілік құндылықты дамыту дирекциясының басшысы Сүйіндік Ахметов атап өткендей, көшпелі турды ұйымдастырудағы негізгі мақсаты отандық өндірушілерді ынталандыру, ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасуға жәрдемдесу, жалпы жергілікті өндірісті дамыту және елішілік құндылық деңгейін арттыру. Кездесулер барысында тараптар өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін және отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндіктерін талқылады.
Мәселен, биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Алматы ауыр машина жасау зауытына барған кезде кәсіпорынның бас директоры Е. Дүйсенов делегация мүшелеріне ұжымның алдына қойылған қазіргі мақсаттар мен ауқымды міндеттер туралы айтып берді. Қатысушылар өндірістік цехтарды аралап, толық технологиялық циклмен және дайын өнім үлгілерімен танысты.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, даму институттары мен ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өкілдерінің қатысуымен өтетін мұндай кездесулер өндірістік мүмкіндіктерді таныстыруға, импортты алмастыру мәселелерін шешуге және өзара тиімді келісімшарттар жасасуға жол ашады.
Еске сала кетейік, QazIndustry сарапшылары ірі жер қойнауын пайдаланушы тапсырыс берушілермен бірлесіп, кәсіпорындарға тұрақты түрде барып тұрады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмысты Елішілік құндылықты дамыту дирекциясы жүргізеді. Дирекция кәсіпорындарға ұзақ мерзімді кооперациялық байланыстар орнатуға және өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдеседі.



