QazIndustry қызметтерін түсіндіру және бизнес-қоғамдастықпен кері байланысты нығайту мақсатында әр бейсенбі күні «Өзекті сұрақтарға жауап» айдары аясында сарапшылар жиі қойылатын сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауап береді. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында қазақстандық бизнеске қолжетімді қолдау тетіктері туралы сұрақтарға Экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық дирекциясының басшысы Жанна Әубәкірова жауап береді.
1. ЕАЭО аясында кәсіпорындарға қандай қаржылық қолдау тетігі қолжетімді?
Өнеркәсіптік кооперациялық жобаларды іске асыруға арналған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі қарастырылған. ЕАЭО бюджеті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 100%-ын өтейді. Бұл несиелеуді барынша тиімді әрі жеңіл етеді. QazIndustry аталған тетік бойынша түсіндіру жұмыстарын тоқсан сайын өткізілетін онлайн-семинарлар аясында және өндірушілердің өтініштері бойынша жүргізеді.
2. Жеңілдікті қаржыландыруды алу үшін қандай негізгі талаптар қойылады?
Жобаға ЕАЭО-ға мүше кемінде үш елдің кәсіпорындары қатысуы қажет. Сонымен қатар жоба ынтымақтастықтың келесі төрт түрінің біріне сәйкес болуы тиіс: 1) материалдар немесе жинақтауыштар жеткізу; 2) технологиялық жабдық немесе бағдарламалық қамтамасыз етуді жеткізу; 3) инжинирингтік немесе құрылыс қызметтерін көрсету; 4) инвестиция салу.
3. Іріктеу кезінде қандай жобаларға басымдық және жоғары балл беріледі?
Жинақтауыштар, материалдар мен жабдықтарды жеткізу бойынша ЕАЭО елдерінен серіктестер тартылатын, сондай-ақ ЕАЭО аумағында бұрын өндірілмеген бірегей өнім түрлерін шығаратын өндірістерді құруға бағытталған жобаларға басымдық беріледі.
4. Қазақстандық бизнес ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қалай қатыса алады?
Ол үшін тауарлар мен компанияны Еуразиялық тізілімге енгізу рәсімінен өту қажет. Сонымен қатар тауардың түріне қарай сараптама актісі немесе СТ-1 сертификаты болуы тиіс. Бұл бағытта QazIndustry консультациялық және практикалық көмек көрсетеді.
5. QazIndustry ЕАЭО аясында бизнеске тағы қандай мәселелер бойынша кеңес береді?
QazIndustry отандық тауар өндірушілерді қажетті шикізатпен және жинақтауыштармен қамтамасыз ету мақсатында импорттық кедендік баждарды төмендету мәселелері бойынша қолдау көрсетеді. Сонымен қатар дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) алдындағы міндеттемелерін ескере отырып, отандық тауар өндірушілер шығаратын өнімдерге қатысты импорттық баждарды арттыру мәселелері де қарастырылуы мүмкін.
