«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ЕАДБ меморандумға қол қойды
«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мен Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестік шеңберінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа QazIndustry басқарма төрағасы Әлішер Әбдіқадыров пен ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Құсайынов қол қойды. Меморандум Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) қатысушы елдердің ұлттық экономикасының (инфрақұрылым, өнеркәсіп, жоғары технологиялық сала және экспорт) сегменттерін дамыту мүддесінде жүзеге асырылатын зерттеулер шеңберінде сараптамалық қызметті қалыптастыру және нығайту мақсатында әріптестік қатынастарды орнатуға бағытталатын болады.
Меморандумға сәйкес, тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға келісті:
- ЕАЭО-ға қатысушы елдердің экономика сегменттерін дамыту мүддесінде жүзеге асырылатын жобалар мен зерттеу нәтижелерін сараптау институтын дамыту;
-Қазақстан Республикасы мен ЕАЭО-ға қатысушы елдердің өнеркәсіп саласындағы бірлескен талдамалық зерттеулер жүргізу;
- мамандандырылған сараптамалық салалық панельдерді бірлесіп құру;
– экономика салаларын дамыту саласындағы басқа да маңызды бағыттар, оның ішінде – қазақстандық өнім экспортының өсуі үшін ерекше маңызы бар бағыттар.
Сонымен қатар, кездесу барысында тараптар екі ұйымның ынтымақтастығын нығайтуға және қазақстандық өндірушілерді қаржыландыруға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастық, ЕАЭО шеңберінде ақпараттық-аналитикалық бағыт бойынша бірлескен жұмыс жүргізу мәселелері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Әлішер Әбдіқадыров кездесуге қатысушыларды компанияның негізгі бағыттары мен жаңа функциялары туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасының әзірленіп жатқан жобасы туралы хабардар етті.
«Біз банктің мандатын негізге ала отырып, біздің ынтымақтастығымызды жандандырғымыз келеді. Бұл біздің алты ел-акционерлерге интеграциялық әсері бар жобаларды іске асыруға ықпал ету. Сондай-ақ индустриалды – инновациялық дамудың үшінші бағдарламасы аясында Қазақстанды индустрияландыру үдерісіне белсенді қолдау көрсету», - деп атап өтті ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Құсайынов.