Қазақстандық индустрия дамыту институты экспорттаушылардың шығындарын өтейді
«Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ («ҚИДИ» АҚ) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінен (экспорттаушылардан) отандық өңделген тауарларды жылжыту шығындарының бір бөлігін өтеу туралы өтінімдерді қабылдау рәсімінің басталуы туралы хабарлайды.
Экспорттаушылардың шығындарын өтеуге 2019 жылы 10,4 млрд.теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚИДИ» АҚ «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 ақпандағы № 75 қаулысына сәйкес экспортты дамыту және жылжыту бойынша ұлттық даму институты болып белгіленіп, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға (ҚР ИИДМ) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қызметтер көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне тауарларды көтермелеу үшін шығындардың бір бөлігін өтеу мынадай түрлерде жүзеге асырылады:
1) шетелде жарнамалық тауарларға байланысты шығындар;
2) халықаралық көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдерге тікелей қатысу құны;
3) шетел тілдеріне аудару және шетелге тарату үшін мамандандырылған каталогты жариялауға байланысты шығындар;
4) шетелдегі өкілдікті, бөлімшені және қойманы сақтау құнын;
5) шетелде тауар таңбаларын (брендін) тіркеуге байланысты рәсімдерді жүргізу шығындары;
6) тауарларды шетелде сертификаттауға байланысты рәсімдерді жүргізуге жұмсалған шығындар;
7) тауарларды теміржол және (немесе) автомобиль жолымен (Қазақстан Республикасы шегінде) жеткізумен байланысты шығындар.
Кәсіпкерлік субъектілерінің санатына қарай негізделген және құжатпен расталған шығындар мынадай тәртіппен өтеледі:
1) ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – өтеуге ұсынылған соманың 30% мөлшерінде;
2) орта кәсіпкерлік субъектілеріне – өтеуге ұсынылған соманың 50% мөлшерінде;
3) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – өтеуге ұсынылған соманың 60% мөлшерінде.
Бұл ретте өтеудің ең жоғары мөлшері бизнестің мөлшеріне қарамастан 13 000 (он үш мың) АЕК немесе 32,8 млн. теңгеден аспауы тиіс.
Тасымалдау құнының бір бөлігін өтеудің ең көп сомасы ағымдағы жылға бөлінген қаражаттың 1/50 немесе бір кәсіпорын үшін 200 млн. теңгеден аспайды. Автокөлікпен жүк тасымалдау лимиті 1 шақырымға 300 теңгеден аспайды.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне шығындардың бір бөлігін өтеу Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 1128 бұйрығымен бекітілген Отандық өңделген тауарларды ілгерілету мақсатында индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Өтініштер келесі мекенжай бойынша қабылданады:
Нұр-Сұлтан қаласы, Д. Қонаев көшесі 8, «Изумрудный квартал» бизнес орталығы (блок Б, 35 қабат), тел. +7 (7172) 98 37 81 (1142, 1143, 1144), сайт: www.kidi.gov.kz.