Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты: еңбек өнімділігін арттыру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты: еңбек өнімділігін арттыру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты VIII халықаралық конференция өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ жыл сайын өткізеді.
Конференцияның негізгі баяндамашылары еңбек өнімділігін арттыру және кәсіпорындарды қолдау мәселелері бойынша шетелдік және қазақстандық спикерлер.
Конференцияда Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Аманияз Ержанов құттықтау сөз сөйледі. Ол еңбек өнімділігін ұлттық экономиканың өсуінің негізгі драйвері ретінде атап өтті. Индустрияландыру жылдарында өңдеу өнеркәсібіндегі өнім өндірудің өсу қарқыны 1,4 есе өсіп, тау-кен өндіру секторын басып озды (1,2 есе).
«Үшінші бесжылдық аясында біз өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеуші өнеркәсіптің дамуына назар аударамыз. Бұл 2025 жылы еңбек өнімділігін 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қойылған мақсатқа сәтті жету үшін біз мынадай қадамдар жасауды ұсынамыз: тиімді экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды тікелей қолдау; бизнес ортаны жақсарту және жеке секторды нығайту; сапалы өнеркәсіптік және сандық инфрақұрылымды дамыту; жаңа капитал сыйымды және ғылыми сыйымды өндірістер құру; индустриалды-инновациялық қызметті қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру», – деп атап өтті вице-министр.
«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Әлішер Әбдіқадыров индустрияландырудың әзірленетін үшінші бағдарламасының аясында компанияларға қандай қолдау жасалатындығы жайлы айтты. Өз сөзінде ол компанияның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін және оны әрі қарай қолдауды айқындау кезіндегі негізгі критерий экспортқа бағдарлану екендігін атап өтті. «Табысты бәсекелестік үшін Қазақстанға «масштаб эффектісін» беретін, күрделі тұтыну тауарларын топтамалық өндіруге шығуды ынталандыру қажет. Болашағы зор жобалардағы ресурстарды шоғырландыру мақсатында мемлекеттік қолдау ұсыну кезінде өтініш берушіден кәсіпорындарды іріктеудің конкурстық қағидатына өту іске асырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың тікелей шараларын алудың міндетті шарттарының бірі – үшінші бесжылдық критерийлерінің аясында міндетті түрде қарсы міндеттеме қабылдау және олардың орындалмағандығы үшін кәсіпорынның тарапынан жауапкершілік енгізу. Бұл мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдалануды болдырмауға, мемлекеттік қолдаудың және кейінгі мониторингтің тиімділігін ұлғайтуға мүмкіншілік береді», – деді ол.
Конференция барысында Жапониядағы еңбек өнімділігін арттыру тәжірибесімен және өтпелі экономикасы бар елдер үшін тұжырымдарымен профессор, Fukui Prefectural University (Жапония) өкілі, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің (Ресей Федерациясы) Бас ғылыми қызметкері Андрей Белов бөлісті.
Оның айтуы бойынша, Жапониядағы еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік шараларды ұйымдастырушылық, қаржылық, технологиялық және тағы басқаларға бөлуге болады. Әрбір бағыт бойынша іс-әрекет бағдарламасы, бюджет және жүзеге асыру үшін жауаптылар бар. 2013-2018 жылдары Жапонияда өнімділіктің өсу қарқыны ұлғайғандықтан, қабылданатын шараларды тиімді ретінде бағалауға болады. Сонымен қатар, ол бар тәжірибені зерделеу мен озық практикаларды талдаудың маңыздылығын атап өтті. «Жапонияда деректер, оның ішінде ағылшын тіліндегі деректер өте көп жинақталған, мысалы SME Agency, JapanProductivityCenter, JETRO және басқа да базаларда. Екіншіден, Жапония – тұрақты жаңарту қағидатына, яғни атақты «кайзен» жүйесіне негізделген, бизнес пен менеджменттің ерекше философиясының отаны. «Кайзен» негізінде тұрақты өзгерту және жақсарту пайдалы және кез келген компанияда қолданылады. Оларды толықтай және ішінара, кез келген комбинацияда пайдалануға және тактикалық, әрі стратегиялық нәтижелер де алуға болады», – деп тұжырымдады ол.
Еңбек өнімділігін арттыруға жүйелі тәсілдер туралы: негізгі тәуекелдер мен табыс факторлары, ресей компаниясының тәжірибесі туралы «Industry Consulting Ecopsy»АҚ (Ресей Федерациясы) өндірістік жүйелерді дамыту жөніндегі директоры Пасерб Андрей баяндама жасады.
Бұдан басқа, еңбек өнімділігін табысты арттыру және жаңа технологияларды енгізу тәжірибесімен қазақстандық компаниялар да өз ойларымен бөлісті.
Конференция қатысушылары мемлекеттік сектор мен бизнес-қауымдастық арасында диалог алаңын ұйымдастыру, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру арқылы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру шаралары мен әлеуеті мәселелерін талқылады.