Таяуда ERG компаниясы мен отандық өндірушілер арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау және тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алуға қатысу кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылау жөнінде онлайн режимде кеңес өтті. Іс-шараны Еуразиялық Топтың қолдауымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұйымдастырды.
Онлайн режиміндегі кеңеске QazIndustry, Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы және ERG өкілдері, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының: кабель-сым өнімін, құлыптау және пломбалау құрылғыларын, тежегіш төсемелер, құймалар мен мыс құймалар, жұмсақ контейнер, формалауға арналған құм, арнайы киімдер мен қолғаптар өндіретін отандық кәсіпорындар қатысты.
Eуразиялық Топ пен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы онлайн-кеңесте тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуларға қатысу кезінде туындайтын проблемалық мәселелер, оларды шешу жолдары, сондай-ақ, отандық тауарларды ілгерілету мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу талқыланды.
Онлайн-кеңес аясында ERG компаниясы 18 отандық кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Бәрінің басынан өтіп жатқан қиын кезеңде, қазақстандық өндірушілер ірі жүйе құрушы кәсіпорындар тарапынан қолдауға мұқтаж.
Осыған байланысты, отандық өндірушілермен меморандумдар жасасу келешекте кәсіпорындарға өнім жеткізу туралы шарттар жасасуға, сондай-ақ, жаңа перспективалық өндірістер құруды жоспарлауға және шығарылатын өнім сапасын арттыруға мүмкіндік тудырады.
Сонымен қатар, қатысушылар тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алулардағы жергілікті қамтуды арттыру шеңберінде өткізілетін іс-шаралар, отандық бизнесті қолдау шаралары отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімдер мен меморандумдар жасау процестері туралы ақпарат алды.
Қорытындылай келе, QazIndustry қойылған міндеттерді іске асыру қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, өндірістің технологиялық процесін жақсартуды, сондай-ақ, тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алулардағы жергілікті қамтуды арттыруды қамтамасыз етеді деп есептейді.