COVID-19 пандемиясы, мұнай бағасының төмендеуі, ұлттық валютаның құнсыздануына қарамастан жеңіл өнеркәсіптің нақты көлем индексі оң динамиканы көрсетіп отыр, деп хабарлайды «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ баспасөз қызметі. Өнімнің нақты көлем индексі 2020 жылғы қаңтар-маусымда 2019 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 108% құрады. Саланың өсуі жеңіл өнеркәсіптің барлық салаларында байқалуда.
Тоқыма бұйымдарының өндірісі - 108,4% құрады, өсім мақта талшықтары, мақта маталары мен төсек-орын өндірісінде тіркелді. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму орталығының бас сарапшысы Айжан Толықбекованың айтуынша, киім өндірісінің өсімі – 102,1%-ға жеткен, ол негізінен COVID-19 пандемиясымен күресу кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс киімдерін, сондай-ақ тігін маскалары мен арнайы киімдерді тігу арқылы қамтамасыз етілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, маскалар шығаруға 70-тен астам тігін кәсіпорны тартылды: «Dalatex» ЖШС, «Большевичка» ЖШС, «Эко-Фарм» ЖШС, «КазЛегПром» ЖШС, «Жанарыс» ЖШС және т.б.», - деп атап өтті QazIndustry өкілі.
Былғары және ілеспе өнімдер өндірісінің өсімі - 106,6% жетті, бұл көрсеткіш арнайы аяқ киім жеткізуге келісім-шарт жасасқан компаниялар есебінен артып отыр.
Дегенмен, жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасына әсері басқа салаларға қарағанда әлі де шектеулі болып қалуда. Жеңіл өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 1% көлемінде.
Сонымен қатар, ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты импорттық өнімдер: шикізат, елімізде өндірілмейтін компоненттер, фурнитуралар қымбаттауы ықтимал. Бұл қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, экспортқа шығатын кәсіпорындар санының азаюына әкелуі мүмкін. 2020 жылдың соңына дейін жеңіл өнеркәсіптің нақты көлем индексі біршама төмендеуі мүмкін.
Жалпы, өндіріс көлемінде бұл саланы негізінен мемлекеттік тапсырысты (жұмыс киімдері, формалар және т.б.) орындайтын ірі және орта кәсіпорындар құрап отыр. Осы қажеттіліктерді орындау жергілікті тігін өндірушілері мен шикізат жеткізушілері үшін тұрақты табыс көзіне айналды және олар жыл сайынғы мемлекеттік корпоративті тапсырыстарға тәуелді болып отыр. Дегенмен мемлекеттік корпоративті тапсырыстардың резервы да шектеулі. Сол себепті осы саланың коммерциялық сегментін дамыту (маркетингтік даму, дизайн, дистрибуция, дайын өнім шығару, ұлттық брендтерді қалыптастыру) мүмкіндіктерін қарастыру қажет.
Айжан Толықбекованың айтуынша, республикада коммерциялық нарықта сәтті жұмыс істейтін, өндірістік стратегия мен өз брендін құрған бірқатар компаниялар бар. Бұл кәсіпорындардың қатарында KazSpo-N (ZIBROO брендімен шығатын спорт костюмдері мен мамықтан жасалған сырт киімдер), «Қазақстан ТекстиЛайн» ЖШС («Мимиорики» брендімен балалар киімдері), «Гласман» ЖШС (ерлерге арналған костюмдер мен мектеп формалары), AGF Group ЖШС (Ішкі нарық пен IKEA үшін төсек-орын жабдықтары) кіреді. Сондай-ақ, елдегі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында ұсынылатын «Shoes Republic», «Zshoes», «Sharkey» аяқ киім бұйымдарын шығаратын, «Qazaq Republic» киімдер шығаратын және өзге де жас және қарқынды дамып келе жатқан компанияларды атап өтуге болады.
«Пандемия кезінде шекаралардың жабылуы әсерінен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің, соның ішінде қорғаныс маскаларының, арнайы қорғаныс киімдерінің және бейбіт тұрғындар үшін киім-кешектерді жеткізудің логистикалық тізбектері бұзылып, бұл еліміздің импортқа тәуелділігін тағы да көрсетті. Сол себепті қазіргі дағдарыс өндірістік секторға жергілікті зауыттарды, әсіресе икемділік пен жылдамдықты үйлестіре алатын бәсекеге қабілетті өнім шығаратын зауыттарды дамытуға мүмкіндік береді», - деді QazIndustry өкілі.