Бүгін «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Бекенов жетекші түрік жиһаз өндірушісі Kilim Mobilya компаниясының басшысы Бекир Ербюшюм мырзамен кездесті.
Кездесу барысында QazIndustry басшылығы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберіндегі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды, сондай-ақ Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді.
Kilim Mobilya компаниясының делегациясы Қазақстанда жиһаз өндірісін құруға қатысты нарықтық мүмкіндіктерді зерттеу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тиісті келіссөздер жүргізу мақсатында Қазақстанға келді.
Kilim Mobilya Түркияның екінші ірі жиһаз экспорттаушысы және екінші ірі өндірістік қуатты компания болып табылады. Компания өз өнімінің 48% - ын әлемнің 40-тан астам еліне экспорттайды.
Компанияның жылдық түсімі 55 млн. АҚШ долларын құрады, қызметкерлер саны 1000 адамнан асады.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ – Қазақстандағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың негізгі үйлестірушісі. QazIndustry-дің Бірыңғай үйлестіру орталығы ретіндегі негізгі міндеттері арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын дамыту, ілгерілету және арттыру болып табылады.
Бірыңғай үйлестіру орталығы тұрақты негізде АЭА/ИА жұмыс істеу жүйесін және бизнес-процестерді жетілдірумен, басқарушы компаниялар мен резиденттердің мүдделерін қорғаумен, құқықтық реттеудің тиімділігін арттырумен, формальды кедергілерді жоюмен және қазақстандық АЭА/ИА инвестициялау үшін ынталандырулар құрумен айналысады.