Пандемияның микросхемалар мен жартылай өткізгіштерді өндіруші жетекші кәсіпорындар қызметіне тигізген кері әсерінен, сондай-ақ жұмыс пен оқудың онлайн режімге көшуге байланысты тұтынушы электроникасына деген сұраныстың артуы әлемдік экономиканың жаһандық дағдарысына әкеп соқтырды.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғыстары мен санкциялармен күшейтілген түрлі салалар арасындағы жоғары бәсекелестік, кейінге қалдырылған сұраныс және жаппай локдаунға байланысты жеткізілімнің үзілуі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаты артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыра алмайтын жағдайға әкелді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ талдаушысы Әсет Жақыпбеков атап өткендей, микросхемалар мен жартылай өткізгіш өнімдердің жетіспеушілігі тек IT, электрондық және автомобиль өнеркәсібіне ғана емес, сондай-ақ машина жасау, авиация, медицина және тағы басқа салаларға әсер етті.
Анықтама: жартылай өткізгіштерді өндірушілер пандемия кезінде өздерінің жеткізу тізбектерін тұрмыстық электроника және медицина секторына қайта бағдарлады.
АҚШ-тың санкциялары мен нарықта байқалған тапшылыққа байланысты Huawei және басқа да Қытай компанияларды өз қорларын құрып, бұл өз кезегінде сұранысты уақытша арттырды.
«Әлемде қалыптасқан жартылай өткізгіштер нарығының конъюктурасы Қазақстанда технологиялық өндірісті, оның ішінде тұрмыстық техника өндірісін іске асыруға әсер етуі мүмкін», - дейді Әсет Жақыпбеков.
Қазіргі уақытта Тайвань мен Оңтүстік Корея - жартылай өткізгіш өнімдер өндіруде көшбасшы елдер. Олардың процессорлар чипі нарығындағы бірлескен үлесі шамамен 83%, ал жад чиптері нарығында 70% құрайды.
Анықтама: Жартылай өткізгіштер өндірісі нарығындағы көшбасшы кәсіпорын – Тайваньның TSMS (Taiwan Semiconductor Manufacturing Company) компаниясы. Бүгінгі таңда TSMS жартылай өткізгіш нарығының 54% алады. Оның ең жақын бәсекелесі — Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниясының үлесі - 17%.
Әлемнің жекелеген аймақтарында микрочиптер өндірісін локализациялаудың көп жылдық үрдісі ірі тұтынушыларына соққы болды. Жартылай өткізгіштерді жеткізудегі қазіргі жағдай әлемнің көптеген елдерін өз өндірісін құру туралы ойлануға мәжбүр етті.
Сөйтіп, Intel Corp, Qualcomm Inc. және Advanced Micro Devices Inc. сияқты микросхемаларды өндіруші америкалық компаниялардың бас атқарушы директорлары АҚШ президенті Джо Байденді ішкі өндірісті қолдауға және елдің инновациядағы артықшылығынан айырылып қалмауға шақырды. Жартылай өткізгіш өнеркәсіп қауымдастығы өз үндеуінде АҚШ әкімшілігінің ынталандыру пакетіне «гранттар және/немесе салық несиелері түрінде жартылай өткізгіштерді өндіруге ынталандыруды айтарлықтай қаржыландыруды» қосуды ұсынады. АҚШ жартылай өткізгіштердің жергілікті өндірісін дамытуды ынталандыру үшін 54 миллиард доллар көлемінде субсидия бөлуді жоспарлап отыр. TSMC қазірдің өзінде Аризонада зауыт салып жатыр. Ал Intel және Samsung Electronics жақын арада құрылысты бастау жөніндегі жоспарларын жариялады.
Сонымен бірге, сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті азайту үшін Еуропалық комиссия Еуропалық микроэлектроника альянсын құруды жоспарлап отыр. Оған Еуропаның ең ірі микросхемалар өндірушілері, сондай-ақ автоөндірушілер мен телекоммуникациялық компаниялар кіруі мүмкін. ЕуроОдақ негізгі салалары бойынша АҚШ пен Азияның технологияларына ғана сүйенбеу үшін Еуропада жартылай өткізгіш шығаратын алдыңғы қатарлы зауыт салуды қарастыруда. 2020 жылдың соңында ЕуроОдақтың 17 елі декларацияға қол қойды. Онда салаға 145 миллиард еуроға дейін инвестиция салуға және оларды 2 нанометрге (нм) дейінгі процессорларды дамытуға жұмсауға міндеттенеді.
Анықтама: нанометр - бұл транзисторлардың бір учаскеде орналасу тығыздығы. Технологиялық процестің таңбалауында аз сан болса, транзисторлар саны соғұрлым көп болады, демек пайдаланушы есептеу қуатына ие болады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ақпараты бойынша Қытай 2025 жылға қарай жартылай өткізгіштерді өндіруге арналған жабдыққа деген қажеттілігін 70%-ға өз кәсіпорындары есебінен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Және импорт арқылы өтелетін қалған қажеттілігін жыл сайын төмендетіп отырмақ. АҚШ технологиясынан тәуелсіз болуы үшін Қытай 2025 жылға дейін жоғары технологиялар саласына $1,4 трлн қаржы инвестициялауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Қытай жоспарлы түрде жоғары білікті мамандарды тартуда. Бұл елдің Quanxin Integrated Circuit Manufacturing (QXIC) және Wuhan Hongxin Semiconductor Manufacturing Co (HSMC) сияқты екі компаниясы TSMC-тен 100-ден астам тәжірибелі инженер мен менеджерлерді жұмысқа шақырып, оларға TSMC-тің жылдық жалақысынан 2-2,5 есе асатын қызмет пакеттерін және бонустар ұсынды.
Анықтама: Қытай «Жартылай өткізгіш импортты алмастыру» бағдарламасын іске асыру үшін пайдаланылатын қаражатты жинақтау үшін арнайы қор құрды. Ол "Үлкен қор" (Big Fund) деп аталады. Бірінші кезекте, қордың көмегімен Naura, Advanced Micro-Fabrication Equipment, Hwatsing, ACM Research, Mattson Technology және Shanghai Micro Electronics Equipment сияқты электроника өндірісіне арналған жабдықты жеткізушілер қаржыландырылады. Бұл компаниялар Қытайдың 28 нм технологиялық процесс бойынша чиптер шығару үшін өндірісті орналастыру жоспарының бірінші мақсатына жету үшін өте маңызды.
Қытай тікелей жартылай өткізгіштер өндірісінде көшбасшылардың бірі болса, жартылай өткізгіштерді өндіруге қажетті технологиялар мен жабдықтар тұрғысынан негізгі жетістіктер АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және ЕуроОдаққа тиесілі. Қытай кәсіпорындары 28 нм игеру үшін қажетті жабдықтар мен технологиялардың тек 20%-ын қамтамасыз ете алады. Қалғанының бәрін импорттауы керек.
Анықтама: мысалы, Нидерландияның ASML компаниясы -микроэлектрондық өнеркәсіпке арналған фотолитографиялық жүйелердің ірі өндірушісі. Олардың негізінде АҚШ технологиясы жатыр. Ол TSMS және Samsung Electronics қоса алғанда, жартылай өткізгіш компоненттерін өндірушілердің көпшілігін литографиялық жабдықпен қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда әлемдік жартылай өткізгіштер өнеркәсібі - өндіріс пен технологияны дамытуға үлкен қаражат салатын әлемнің бірнеше дамыған елдері арасындағы бөлінген өндіріс тетігі.
АҚШ, ЕуроОдақ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония жартылай өткізгіштер нарығында ұзақ және берік орын алады.
Тұтыну көлемі аз екенін ескере отырып, Ресей алдыңғы қатарлы компоненттермен «қалдық принципіне» сәйкес қамтамасыз етіледі. Жартылай өткізгіш өнімдердің жаһандық жетіспеушілігі өндірушілердің үлкен нарықтарға басымдық беруіне әкелуі мүмкін.
Анықтама: жартылай өткізгіш өнімдерді сатудың жалпы көлеміндегі үлесінің аздығына байланысты автоөндірушілер тапсырыс берушілер арасында кезектің соңында қалды. Әлемдік автоиндустрия жыл сайын 37 миллиард долларға жартылай өткізгіштерді сатып алса, бір Apple компаниясының өзі жыл сайын оған шамамен 56 миллиард доллар жұмсайды.
Осы жағдайдың алдын алу мақсатында Ресей өз аумағында жартылай өткізгіштер өндірісін оқшаулау мүмкіндігін қарастыруда.
2020 жылдың басында Ресейде электрондық өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді. Бағдарлама 2030 жылға қарай қалыңдығы 65-тен 7 және 5 нм-ге дейінгі микросхемалар өндірісін жолға қоюды мақсат етіп қойды. Үкімет осы мәселелерді шешу үшін 2024 жылға дейін шамамен 266 миллиард рубль бөлуді жоспарлап отыр.
Анықтама: бүгінде Ресейде негізінен 130 нм жартылай өткізгіштер шығарылады. Алайда, Baikal Electronics 28 нм-ді бұрыннан игерген, бірақ Тайваньда құюға тапсырыс береді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ сарапшы маманы Әсет Жақыпбековтың айтуынша, әлемнің жекелеген аймақтарында өндірістерді оқшаулау көптеген елдердің шетелдік жеткізілімдерге тәуелділігіне алып келді. Көптеген елдер өз өндірісін дамытуға және озық зерттеулерге инвестиция сала отырып, жартылай өткізгіш компоненттердің өз өндірісін дамытуды бастайды деп болжанып отыр.
«Микрочиптердің жаңа заманауи жоғары технологиялық өндірісін нөлден бастау өте қымбат және техникалық тұрғыдан күрделі міндет екенін атап өткен жөн. Жартылай өткізгіштердің жеке өндірісін құру үшін алдыңғы қатарлы жабдықтары мен технологиялары, жартылай өткізгіштерді құру саласындағы инженерлері мен мамандары бар және ірі қаржылық салымдарға қол жеткізе алатын ірі халықаралық компанияны шақыру қажет. Мысалы «Samsung» компаниясын, - дейді.
Анықтама: Semiconductor Industry Association (SIA) бағалауы бойынша 2020 жылы 14-16 нм-ге зауыттың орташа құны- $13 млрд, 10 нм-ге – $15 млрд, 7 нм-ге – $18 млрд, 5 нм-ге – $20 млрд бағаланды. Бұл ретте электроника саласындағы зерттеулерге инвестициялар да үлкен қарқынмен артып келеді. Бүгінгі таңда жартылай өткізгіштер саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер көлемі фармацевтикадан кейін екінші орында тұр.
Атап айтқанда, ТЅМС 2021 жылға озық литографиялық технологияларды игеруге шамамен 20 миллиард доллар көлемінде күрделі шығындар жоспарлаған. Олардың басым бөлігі 3 нм технологияға бағытталады.
Өндірісті ұйымдастыруға қажетті қаржылық инфузияны ескере отырып, бірнеше елдің өзара ынтымақтастығы - жартылай өткізгіштер нарығына шығудың тиімді және экономикалық қолайлы әдістерінің бірі.