70-тен астам отандық өндірушінің еңбек өнімділігін арттыру бойынша шығындары өтелді

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру аясында 2021 жылдың 10 айында 74 отандық өндірушіге 293,7 млн теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Қаңтар-қазан айлары аралығында өңірлер бөлінісінде Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының, сондай – ақ Нұр-сұлтан және Шымкент қалаларының кәсіпорындарынан көптеген өтінімдер мақұлданды. 
Салалық бөліністе қолдау тапқандардың арасында агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау саласы мен жеңіл өнеркәсіптің өтінімдері басым.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 10 айында шығындарды өтеу ережелерін түсіндіру мақсатында салалық қауымдастықтар мен жергілікті атқарушы органдар үшін 263 кеңес және 9 вебинар өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, «QazIndustry» ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің желісі бойынша индустрияландыру бағдарламасы аясында еңбек өнімділігін арттыруға байланысты өңдеу саласы кәсіпорындары шығындарының бір бөлігін өтейді.     Осылайша, кәсіпорынның құзыреттілігін арттыруға, технологиялық процестерді жетілдірумен және өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттырумен байланысты индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеуге, сараптауға жұмсалған шығындардың 40% дейін. Құралдармен толығырақ www.qazindustry.gov.kz сайтындағы «Бизнесті ынталандыру» бөлімінде танысуға болады.