Ынталандыру шаралары аясында енгізілетін міндеттемелер

Ынталандыру шаралары еңбек өнімділігін арттыру, өңдеуші өнеркәсіптің айналымын ұлғайту, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қарастырылған. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындар бір немесе бірнеше міндеттемелерді орындауы керек. Осы мәселелер жөнінде толығырақ «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Мұқанов баяндады.

 

  Қарсы міндеттемелер дегеніміз не және олар қалай қолданылады?

 

   Қарсы міндеттемелер – индустриалды-инновациялық қызмет субъектісі мен мемлекеттік ынталандыру шаралары шеңберінде алынатын өзара міндеттемелер.

        Ағымдағы жылдың мамыр айында Қарсы міндеттемелерді анықтау және қолдану ережесі бекітілді. Олар негізгі үш бағыттан тұрады: еңбек өнімділігін арттыру; экспортқа бағытталған тауарлар өндірісін ұлғайту; ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Ынталандыру шараларын алушы қарсы міндеттемелердің бәрін бірге немесе жекелей қабылдай алады.

 

 Бүгінгі күні мемлекеттік қолдау шараларын алушыларға қарсы міндеттемелердің қандай түрлері енгізілген?

 

  Мемлекеттік қолдаудың әрбір құралы өзінің бірқатар міндеттемелерін көздейді. Олардың ішінде өндірістік қызметкерлердің орташа жалақысының өсуін, сатылатын өнім көлемінің ақшалай баламада ұлғаюын, өндіріс көлемінің артуын, жұмыс орындарын құруды немесе сақтауды, өндіріс кірістерінің өсімін және т. б. атап өтуге болады.

Мысалы, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыруды қоса алғанда, «қаржыландыру», «лизингтік қаржыландыру», «қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелер мен кепілгерліктер беру» сияқты ынталандыру шараларын алушылар Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес өндірістік қызметкерлердің орташа жалақысын белгіленген өсімнен кем болмайтындай арттыруға міндеттеледі.

Ішкі нарықта ынталандыру екі жыл ішінде кәсіпорынның кіріс көлемін мемлекет салған сомадан кемінде екі есе ұлғайтуды көздейді.

 

—   Қандай да бір қарсы міндеттемелер өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлеміне және отандық өнімнің экспортына әсер ете ме?

 

  Қарсы міндеттемелердің көптеген түрлері өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін ұлғайтуға және экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ынталандыруға бағытталған. Осылайша, экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайтуға жұмсалған шығындарды өтеу екі жыл ішінде алушының валюталық түсімі табысының көлемін кемінде 10%-ға ұлғайтуды міндеттейді.

«Экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайту» бағыты шеңберінде кредиттер мен лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды алған кәсіпорынның экспорты ақшалай түрде ұсынылған қолдау көлемінен кем емес соманы құрауға тиіс. Дәл осындай міндеттемелер экспорттық сауданы қаржыландыру, кредиттеу және сақтандыру, қайта сақтандыру және шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі мәмілелерге кепілдік беру тетіктерін пайдалана алады.

 

  Ал өнеркәсіптік грант иегерлерін қандай міндеттемелер күтіп тұр?

 

  Егер өнеркәсіптік грант «еңбек өнімділігін арттыру» бағыты шеңберінде алынған болса, онда кәсіпорынның өндіріс көлемі екі жыл ішінде 10%-ға артуы тиіс. Сонымен қатар, қызметкерлердің жалақысының өсуі міндеттеледі.

 «Экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайту» бағыты шеңберінде кәсіпорын екі жыл ішінде экспорт көлемін 10%-ға ұлғайтуы керек.

 

 Қарсы міндеттемелердің қалай әрекет ететінін мысалмен айтып берсеңіз?

 

   Еңбек өнімділігін арттыруды мемлекеттік ынталандыру шеңберінде екі жыл ішінде кәсіпорынның өнімді өткізуден және қызмет көрсетуден түсетін кірістер көлемін мемлекет салған сомадан кемінде екі есе ұлғайту бойынша қарсы міндеттемелер көзделген.

Мысалы, екі жыл бұрын кәсіпорынның өнімін сатудан түскен табысы 100 млн теңгені құрады. Компания 60 млн теңгеге ынталандыру шараларын алады, екі жылдан кейін бұрын алынған 100 млн теңгелік табысқа алынған қолдаудың екі еселенген сомасы қосылуы тиіс. Демек, қарсы міндеттемелерге сәйкес, табыс екі жыл ішінде 220 млн теңгеге жетуі тиіс.

 

  Алушының қарсы міндеттемелерді орындауы қалай реттеледі?

 

  Қолдау шараларын ұсынатын әрбір институт тұрақты негізде өндірушілердің қажетті көрсеткіштеріне мониторинг жүргізеді. Алынған мәліметтерге сәйкес қарсы міндеттемелердің орындалу деңгейі есептеледі.

Егер алушыға қарсы міндеттемелерді орындау деңгейінің мәні 100%-дан асса немесе оған тең болса, қарсы міндеттемелер орындалды деп есептеледі. Қарсы жағдайда, міндеттемелер орындалмаған болып саналады.

 

 Егер алушы қарсы міндеттемелерді орындамаса, оның салдары қандай болады?

 

  Мұндай жағдайда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну шеңберінде алынған қаражат қайтарылуы тиіс. Алайда, орындаудың қол жеткізілген деңгейін және шараларды алған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін ескере отырып, соманы қайта есептеу жүргізіледі. 

Лизингтік қаржыландыру кезінде олар өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары шеңберінде алған лизинг нысаналарын шарттың талаптарына сәйкес лизинг беруші мерзімінен бұрын талап ете алады.

 

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ

баспасөз қызметі