Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Qazindustry өкілі Еуразиялық экономикалық одақ мәселелері бойынша лекция өткізді.
Дәріс барысында «QazIndustry» АҚ Экономикалық интеграция дирекциясының басшысы Жанна Аубакирова ЕАЭО-ның құрылу тарихы, оның мақсаттары мен міндеттері, басқару органдары, Еуразиялық экономикалық комиссиясының құрылымы және ЕАЭО деңгейінде шешімдер қабылдау тәртібі туралы айтып берді. ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастық, сауда, кедергілерді жою, елдердің мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділік, халықаралық ынтымақтастық, атап айтқанда еркін сауда аймақтары туралы жасалған келісімдер, үшінші елдермен тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Лектор ЕАЭО шеңберінде еліміздің өнеркәсібі мен отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жоғарыда аталған мәселелер бойынша QazIndustry-дің қосқан үлесі мен белсенділігін атап өтті.
Дәріске қатысушылар ЕАЭО тақырыбына жоғары қызығушылық танытты. Сондай-ақ, олар интеграциялық мәселелер жөнінде өз ойларын білдіріп, өзара тәжірибе алмасты. Дәріс қорытындысы бойынша Академия одан әрі ынтымақтастыққа және бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылықтарын білдірді.