«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қызметкерлері Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырған ерікті қан тапсыру акциясына қатысты.
Шара аясында «QazIndustry» базасында көшпелі қан тапсыру пункті ұйымдастырылып, қызметкерлер қан доноры бола отыру арқылы адам өмірін құтқаруға өз үлестерін қосты. Қызметкерлердің арасында алғаш рет қан тапсырғандар және тұрақты түрде қан тапсырып жүргендер де болды.
Донорлар қан тапсырар алдында тегін медициналық тексеруден өтті. Атап айтсақ, терапевттің бақылауынан өтіп, одан соң алдын ала зертханалық зерттеу шараларынан өткен соң ғана қан тапсыруға рұқсат алды. Жалпы, қан тапсыру донорлар үшін қауіпсіз әрі барлық қажетті шараларды сақтай отырып өтеді.
«Біз қан орталығы тромбоциттер донорларын іздейтінін білгенде, бірден әріптестерімізге қан тапсыруды ұсындық. Осындай үлкен игі істің бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл «QazIndustry» үшін дәстүрге айналады деп ойлаймын. Біздің ұжым әрқашан көмектесуге дайын», — деді Әкімшілік және құқықтық жұмыс орталығының директоры Айгүл Қаппанова.