Еңбек өнімділігін кешенді арттыру экономиканың индустриялық-инновациялық дамуының басты факторларының бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың басынан бері "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша 14 өтінім келіп түсті.
Бүгінгі күні Шымкент қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі екі өтінім бойынша өтеу туралы оң шешім қабылданды. Өтелген қаражаттың жалпы сомасы 15,7 млн теңгені құрайды. Бұл кәсіпорындар өз қызметін машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салаларында жүзеге асырады.
Сондай-ақ, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу ережелерін түсіндіру мақсатындағы ақпараттық-кеңес беру іс – шаралары аясында "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының қызметкерлерімен кездесу өткізілді. Байланыс телефондары арқылы өтеу шарттары мен тетіктеріне қатысты келіп түскен 34 сұрау бойынша консультациялық кеңес берілді.
2022 жылы QazIndustry жоғарыда аталған бағыт бойынша 72 өтінімді мақұлдады. Өтелген қаражаттың жалпы сомасы 422,9 млн теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ еңбек өнімділігін арттыруға байланысты өңдеуші сала кәсіпорындары шығындарының бір бөлігін өтейді. Толығырақ ақпаратпен www.qazindustry.gov.kz сайтында «Бизнесті қолдау» бөлімінде танысуға болады.