2023 жылғы 17 ақпанда Астана қаласында алдын алудан бастап тиімді қайта өңдеуге дейінгі пластикалық қалдықтарды ұтымды басқару мәселелеріне арналған «Plastnet 2023» конференциясы өтті.
Панельдік сессия барысында қатысушылар әлемдегі және Қазақстандағы пластикалық қалдықтармен жұмыс істеу тәжірибелерін талқылап, еліміздегі өнеркәсіп субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.
Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, "KazWaste" қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың, Cola-Cola трансұлттық компаниясының және өндірістік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Конференция аясында "QazIndustry" АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев қатысушыларға еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну шарттары мен тәртібін түсіндірді. Мемлекет кәсіпорындардың жалпы жұмысын оңтайландыруға, оның ішінде технологиялық және энергия аудитін жүргізуге көмектеседі.
Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шаралар шеңберінде QazIndustry инженерлік, конструкторлық әзірлемелерге және тәжірибелік үлгілерді дайындауға арналған шығындарды өтейді.
Сондай-ақ, еңбек өнімділігін арттыруды мемлекеттік қолдау қызметкерлердің құзыретін арттыруға, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігіне және цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалатын шығындар бойынша жасалады.