28 ақпан мен 3 наурыз аралығында "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ қызметкерлері "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында болып, ондағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінде кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткізіп, өңдеуші кәсіпорындарға барды. Іс-шаралар барысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған "QazIndustry" қызметінің негізгі бағыттары таныстырылып, отандық өнеркәсіптің ахуалына байланысты әзірленетін ұлттық баяндама аясында сауалнама жүргізілді.
Семинар жұмысына 50-ден астам компания қатысты, олардың ішінде АЭА қатысушылары - "Qagaz Ordasy Sec" ЖШС, "Azala Cotton" ЖШС, "Бал Текстиль" ЖШС, "Azala textile" ЖШС, "ШХК" ЖШС, "Назар-текстиль" ЖШС, "ТФ B.A.E.R."ЖШС, "Alem BT" ЖШС, "Shymkent Qagazy" ЖШС, "Ekol textile" ЖШС және т. б.
Кәсіпорындар негізінен жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын (иірілген жіптер мен маталар, іш киімдер, шұлық бұйымдары, кілемдер мен кілем бұйымдары және т.б.) өндірумен, сондай-ақ қағаз бен картон өндірумен айналысады. Кәсіпорындарда жүргізілген сауалнамалар барысында кадрларды дамыту, инфрақұрылым саласындағы проблемалық мәселелер және өнеркәсіптік өндірісті дамытуды тежейтін басқа да кедергілер анықталды.
"QazIndustry" өкілдері "Карлскрона" ЖШС, "ҚазПласт" ЖШС және "Grandmiks" ЖШС басшылығымен және қызметкерлерімен кездесуде өндірістік процеске IT-шешімдерді енгізу, ERP аналитикалық жүйелерін, BI-жүйелерін орнату, бейне-аналитиканы пайдалану және әдеттегі өндірістік бизнес-процестерді роботтандыру мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ "QazIndustry" қызметкерлері керамикалық плиткалар мен гранит өндіруші "ЗЕРДЕ — КЕРАМИКА" ЖШС және "Alageum Electric" қазақстандық жетекші электр техникалық жабдықтар өндірушісінің құрамына кіретін трансформаторлық жабдықтар шығаратын "ASIA TRAFO" ЖШС зауытына барды. Зауыттың негізгі шығарылатын өнімі-қуаты 500 МВА дейінгі 110, 220, 500 кВ кернеу класындағы күштік май трансформаторлары мен автотрансформаторлар, сондай-ақ реакторлар.
Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кәсіпорындардың дамуына әсер ететін факторлар мен өндіріс орындарында туындайтын жүйелік проблемаларды және тәуекелдерді анықтау мақсатындағы онлайн-сауалнама жалғасып жатқанын хабарлаймыз.
Онлайн-сауалнаманың мемлекеттік тілдегі нұсқасына төмендегі сілтеме арқылы өтуге болады: https://forms.gle/BBPgLadoFCC2gHwP6. Ал ресми тілдегі нұсқасы https://forms.gle/ntPMs9DauGpmjjKx7 сілтемесі бойынша қолжетімді.