Ағымдағы жылдың 4 мамыры күні "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Астана қаласындағы кәсіпорындар өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында арнайы семинар өткізді. Қатысушыларға мемлекет тарапынан отандық өнеркәсіпті дамыту мақсатындағы қолдау шаралары, бағыттары және оларды алу шарттары туралы түсіндірілді.
Жиын басында, кәсіпорын өкілдері компаниялардың қызметіндегі кедергілерді анықтау мақсатындағы арнайы сауалнамадан өтті.
"Сауалнамадан өту өте маңызды. Осылайша біз проблемаларды көріп, олардың негізінде бизнесті ынталандырудың қолданыстағы шараларын жетілдіру немесе қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу үшін ұсынымдар әзірлей аламыз. Бүігінгі күні біз Қазақстанның 400 - ден астам өнеркәсіп субъектілеріне сауалнама жүргіздік және оларды логистикадан бастап өнімді сатуға дейінгі түрлі мәселелер толғандыратынын анықтадық", - деп атап өтті «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев.
Семинар барысында акционерлік қоғам мамандары QazIndustry-дің негізгі міндеттері, өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы айтып, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
"Біз шығындардың екі түрін өтейміз: еңбек өнімділігін арттыруға және отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету бойынша. Бірінші бағыт бойынша, Сіздер өз қызметкерлеріңіздің құзыретін арттыруға, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға, технологиялық процестерді жетілдіруге, цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындарды өтей аласыз. Екінші бағыт бойынша Сіздің тауарларыңыздың, жұмыстарыңыздың, қызметтеріңіздің және сапа менеджменті жүйелерінің талаптарға сәйкестігін растау шығындарын өтеуге болады. Бұл өнімді бағалау, сертификаттау және зертханалық сынау, инспекциялық аудит, сертификаттарды тіркеу немесе қайта ресімдеу, сондай-ақ аяқ киімді таңбалауды қоса алғанда, сәйкестендіру құралдарын салуға арналған жабдықты сатып алуға байланысты шығындар.
Мемлекет кәсіпорындардың осы мақсаттарға жұмсаған шығындарының 40-50 пайызын өтейді.
Мысалы, Қазақстанда жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығарылуда, бірақ оны барлығы сата алмайды. Бұл жағдайда кәсіпорын өзінің қызметкерлеріне дұрыс сатуды үйрету және құзыреттілігін арттыру үшін маркетологты жалдай алады. Бұл жерде мысалы, шетелдік оқытушы болуы да мүмкін. Немесе өз қызметкерлерін оқыту үшін басқа елге сапарға жіберуге болады. Бұл жағдайда біз шығындардың 40 пайызын өтейміз, тек шығын 30 миллион теңгеден аспау қажет", - деді А. Сағиев.
Мемлекет есебінен кәсіпорынды басқарудың тиімді тетіктерін әзірлеу немесе өндіріс процесін жақсарту бойынша мамандарды да тартуға болады. Бұл, "кайдзен" қағидаты, яғни - өндірістен бастап жоғары басшылыққа дейін, директордан бастап қарапайым жұмысшыға дейін үздіксіз жетілдіру процесстерін жүргізу болып табылады. Басты мақсат шығынсыз өндіріс немесе үнемді өндіріс.
Егер кәсіпорын жасыл технологияларды енгізуге немесе технологиялық процесті жетілдіруге шешім қабылдаса, мемлекет шығындардың 40% өтей алады.
"Технологиялық процестерді жетілдіру қазақстандық кәсіпорындардағы ең басты міндет болуы мүмкін, өйткені біз бәсекеге қабілеттілік туралы айтып отырмыз. Бұл жерде мысалы өнеркәсіптік дизайнды әзірлеу және өнімді орау сияқты шығындар өтеледі",- деп атап өтті дирекция басшысы.
Жиын барысында А. Сағиев кәсіпорындарға қойылатын қарсы міндеттемелер туралы да тоқталып өтті. Ынталандыру шараларын пайдаланған кәсіпорындар екі жыл ішінде 1:2 схемасы бойынша табыс көлемін ұлғайтуға міндетті, яғни мемлекет салған әрбір бір теңгеге екі теңге пайда келуі қажет. Мысалы, егер сіз мемлекеттен 10 млн теңге көлемінде қолдау шарасын алсаңыз, ал сіздің жылдық табысыңыз 100 млн теңгені құраса, онда Сіз кірісті 120 млн теңгеге дейін жеткізуіңіз керек. Егер кәсіпорын бұл талапты орындамаса, өтемақы сомасы қол жеткізілген көрсеткіштерге сәйкес қайтарылады.
"Шығындарды өтеуге өтінімдерді жыл бойы онлайн форматта беруге болады және бұл бүкіл процесті түбегейлі жеңілдетті. Өтінімдерді қарау мерзімі-14 жұмыс күніне дейін. Мақұлданған жағдайда қаражат екі жұмыс күні ішінде аударылады", - деді А. Сағиев.
Қызметтерді алу үшін қажетті мемлекеттік ынталандыру шарттарымен құжаттармен және өтінім беру тетігімен Qazindustry ресми сайтында танысуға болады (порталдың басты бетінде "мемлекеттік ынталандыру шараларын алуға өтінім беру" батырмасын басу арқылы).
Сондай-ақ, осы мәселелер бойынша 8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефондары арқылы хабарласуға болады.