Астанада өтіп жатқан Ondeu EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі аясында «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұйымдастыруымен "Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау" панельдік сессиясы өтті.
Панельдік сессия жұмысын алғы сөзімен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова ашып берді. Оның айтуынша, бес жыл бұрын Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындар саны 5 пайыз ғана болған. Бүгінгі күні елімізде цифрлы технологияларға басымдық берген ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесі 12,9% - ға жетіп отыр. Бұл ретте жылдық өсім орта есеппен 3,5% межесінде байқалып отыр.
Қазіргі уақытта осы бағыттағы оқыту семинарларын QazIndustry де өткізуде. Вице-министр сонымен қатар ҚР ИИДМ екі жылға жоспарланған роботтандыру тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын хабарлады.
Сессия жұмысы аясында қатысушылар қазіргі кездегі еліміздегі цифрлық трендтер туралы сөз қозғады. CEO Tech Garden және Axiom Capital, Geometry Key Account Executive және Awara IT компанияларының өкілдері 4.0 Индустриясын дамыту үшін цифрлық экожүйені құрудың маңыздылығы, цифрландыру экономикасы, кәсіпорындарда IT-технологияларды қолдану тәжірибесі туралы айтып берді.
CEO Tech Garden басшысы Бауыржан Канкин өз сөзінде, инновациялық технологиялар паркінің өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау барысында қолдау көрсету үшін экожүйе құрумен айналысатынын атап өтіп, кәсіпкерлерді бұл істе белсенді болуға шақырды.
Өз кезегінде QazIndustry өкілдері заманауи технологияларды пайдалана отырып, жоғары тиімді өндірісті ұйымдастыруға қатысты өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы айтып берді. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың цифрлық технологияларды енгізуге жұмсаған шығындарының 40% - на дейін өтей алады.
Бүгінгі күні QazIndustry осы бағыттағы құжаттарды қабылдауды цифрландырудың нәтижесінде кәсіпкерлерден бизнесті ынталандыруға өтінімдер онлайн түрде беріледі, бұл бүкіл процесті түбегейлі жеңілдетіп, кәсіпорындардың шығындарын өтеуге қаражат беруді рекордтық екі күнге дейін азайтты.
Естеріңізге сала кетейік, а.ж. 10 мамырда өңдеу өнеркәсібі апталығы аясында елордадағы EXPO павильонында үш күндік Ondeu EXPO халықаралық көрмесі басталды. Оны Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар Одағы және "Астана-Экспо КС" көрме компаниясы ұйымдастыруда.
Көрмеге өз өнімдерін Қазақстан, Австрия, Беларусь, Болгария, Германия, Израиль, Италия, Канада, Қытай, Латвия, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Франция және Швейцарияны қоса алғанда әлемнің 17 елінен 250 - ге жуық экспонент ұсынылуда.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев сөз сөйледі. Ол отандық өнеркәсіпті дамыту үшін индустриялық көрмелер өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Сарапшылар Қазақстанда ұйымдастырылып жатқан Ondeu EXPO көрмесінің маңыздылығын атап, жоғары баға беруде. Көрме алаңында өңдеу өнеркәсібінің жабдықтары мен технологияларының жетекші өндірушілері, жеткізушілері мен тұтынушылары, мемлекеттік сектор мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері кездесіп, пікір алмасуда.
Ondeu EXPO 6 бейінді көрмені біріктіреді, онда әртүрлі тауарлар жекелей ұсынылған. Атап айтқанда, машина жасау және металл өңдеу өнімдері, химия өнеркәсібі, су және құрылыс индустриясы, инженерлік инфрақұрылым және ТКШ, тау-кен металлургия кешеніне арналған технологиялар мен жабдықтар және ауыл шаруашылығы техникасы.
Өнеркәсіп көшбасшылары ауылшаруашылық, коммерциялық және арнайы техниканың соңғы үлгілерін ұсынуда. Мысалы, QazTehna кәсіпорны Саран қаласында (Қарағанды облысы) жиналатын Yutong электр автобустарын ұсынуда. Экологиялық таза автобустар шағын станция түрінде арнайы қуаттағыштан қуатталады. QazTehna маманы Әсет Серіков атап өткендей, мұндай автобустар қазіргі күні Астана мен Алматының кейбір компанияларында жұмыс істейді, олар ішкі туризм үшін өте қолайлы.
Көрмеге Беларусь Республикасының бірқатар өндіруші компаниялары қатысуда. Олар негізінен металды кесуге, рельсті өңдеуге, соңғы құралды дәнекерлеуге арналған жабдықтарын алып келген.
"Біз жыл сайын өнеркәсіптік көрмелерге қатысамыз. Осының арқасында серіктестік байланыс орнатып, қазір өз өнімдерімізді әлемнің көптеген елдеріне, соның ішінде Қазақстанға жеткізіп отырмыз",- деп Беларусь делегациясының өкілі Андрей Данилюк өз ойымен бөлісті.
Көрмеде «QazIndustry» АҚ жеке бұрышы да орнатылған. Бұл жерде мамандар келушілерге бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы түсіндіріп, тиісті ақпараттарды жеткізуде.
Айта кетейік, Ondeu Expo аясында 60-қа жуық іскерлік іс-шара өтеді. Атап айтқанда, металл өңдеудегі инновациялық технологиялар жөніндегі халықаралық конференция, субконтрактілер биржасы, қалалардың тұрғын үй-коммуналдық секторы мен инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес және басқа да іс-шаралар.