Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы қорытындыланды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясы өтіп, «Машина жасау — жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытудың драйвері»тақырыбында өткен Қазақстан машина жасаушыларының XI форумының қорытындысы шығарылды.

Осы ретте өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясын қалыптастыру барысында форум айрықша маңыздылыққа ие екендігін атап өткен жөн.

«Машина жасау саласы — кез келген индустриалды дамыған мемлекет экономикасының маңызды бөлшегі. Жабдықтар, машиналар, түрлі аспаптар, сондай-ақ халыққа арналған тауарлардың барлық түрін өндіре отырып, машина жасау кешені экономиканың барлық негізгі салаларындағы қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», деп атап өтті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов.

Бүгінгі таңда Қазақстан өнеркәсібінде машина жасау 6%, ЖІӨ бойынша 1,5 пайызын қамтиды. Аталған салада 4 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл құны шамамен 230 млрд теңге болатын 36 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Саланы одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша машина жасауды дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде. Осы орайда маңызды құжатты әзірлеуге қатысты толық ақпаратпен «Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абаканов бөлісті.

«Машина жасау саласының инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру, оның бәсекеге қабілеттілігін нығайту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кешенді жоспар әзірленуде. Оны табысты іске асыру саланың дамуына қуатты серпін береді және еліміздің тұрақты индустриялық өсуіне маңызды үлес қосады деп күтілуде. Биыл ҚР ИИДМ тау-кен металлургия, электротехника, мұнай-газ, теміржол, ауыл шаруашылығы машина жасау салалары бойынша 7 жұмыс тобы құрылды. Кешенді жоспардың әрбір бөлігі егжей-тегжейлі талқыланып келеді», деді А.Абаканов.

Өз кезегінде Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы директоры Өмірсерік Ержанов машина жасау кәсіпорындарын қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы айтып берді.

«Бұл форум саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Әлбетте, қазақстандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінде жетекші рөл атқарады. Машина жасау саласын дамыту шеңберіндегі жұмыс жалғасатын болады», деді отандық машина жасаушылар одағының өкілі.

Жиынды қорытындылай келе спикерлер форум аяқталған соң Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынымдар жолданатынын айтты. Олар машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша стратегиялық маңызды міндеттерді жүзеге асыру барысында маңызды болып табылады.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/miid/press/news/details/552647?lang=kk