Субконтрактілер биржасы аясында 1,9 млрд теңгеден асатын ұзақ мерзімді өзара келісімшартқа қол қойылды

Қазақстандағы мыс өндіретін ірі компаниялардың бірі "KAZ Minerals" тобы мен тау-кен байыту жабдықтарына арналған резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын "ПК ДАРС" ЖШС алдағы уақытта резеңке-металл футеровкаларды жеткізу бойынша 1,9 млрд теңгеден асатын өзара ұзақ мерзімді шартқа қол қойды.

Аталмыш құжатқа қол қою өңдеу өнеркәсібі апталығы аясында "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ ұйымдастыруымен өткен алтыншы субконтрактілер биржасы алаңында өтті.

Іс-шараға ірі отандық жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, "Қазмырыш", "ERG компанияларының Еуразиялық тобы", "АрселорМиттал Теміртау", "KAZ Minerals", "Қазақмыс корпорациясы"," Қазатомөнеркәсіп "ҰАК", "Самұрық-Қазына Келісімшарт", "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг", "Теңізшевройл", сондай-ақ, 60-тан астам өзге де отандық тауар өндірушілер қатысты.

Биржаның пленарлық отырысын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов ашты. Н.Кеңесов өз сөзінде коммуникацияларды жолға қою және сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің пікір алмасуы үшін өткізіліп отырған субконтрактілер биржасының маңыздылығына тоқталып өтті.

Келесі кезекте қатысушыларға "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ Басқарма Төрағасы Берік Бекенов алғы сөз сөйледі.

"Субконтрактілер биржасы отандық өнеркәсіптің бірқатар мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорындар үшін қажетті ақпарат алу және байланыстарды кеңейту мәселелеріндегі маңызды оқиға.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің алдымызда ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру, шағын және орта бизнесті қолдау және елішілік құндылықты дамыту міндеттері тұр. Кәсіпорындарға жаңа жеткізушілерді табуға көмектесу және ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк келісімшарттарын жасау осы міндеттерді шешудің негізгі құралдарының бірі болып табылады", - деді Б.Бекенов.

Кездесу барысында QazIndustry сарапшылары бизнесті мемлекеттік ынталандыру және кәсіпорындардың өз өнімдерін ішкі нарыққа жылжытуға және еңбек өнімділігін арттыруға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндігі туралы айтып берді.

Өз кезегінде компания өкілдері осы бағыттағы QazIndustry-мен жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, мемлекеттік ынталандыру шараларын отандық ауыр өнеркәсіп флагмандарының бірі-Қарағанды құю-машина жасау зауыты пайдаланды. Кәсіпорын айына 500 тоннадан астам өнім шығарады.

"QazIndustry бізге өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарымызды өтеді. Бұл өндіріс процесін мүмкіндігінше жеңілдетіп, көрсеткіштеріміздің өсуіне оң әсер етті. Өтінім беру процесі мен шығындарды өтеу уақытының қысқартылғанын ерекше атап өткім келеді", - деп өз ойымен бөлісті KLMZ коммерциялық директоры Светлана Алексеева.

Дәстүр бойынша биржаны тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өндіру және жеткізу мәселелері бойынша кооперациялық байланыстар орнату үшін тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасындағы B2B кездесулері қорытындылады. Сарапшылар атап өткендей, мұндай форматтағы кездесулер жергілікті қамту үлесін арттыруға және тұтастай қазақстандық бизнесті дамытуға жәрдемдеседі. Шағын және орта бизнес өкілдері тапсырыс берушілермен кездесіп, одан әрі ынтымақтастық туралы келісті.

Айта кетейік, соңғы бес жыл ішінде субконтрактілер биржасы өзін әлеуетті тапсырыс берушілер мен жеткізушілердің өзара іс-қимылының тиімді құралы ретінде көрсетті. Биржа алаңында 12 кооперациялық келісім, ынтымақтастық туралы бес меморандум, жалпы сомасы 19,8 млрд теңгеге төрт келісімшарт және 6,1 млрд теңгеге екі ұзақ мерзімді шарттар жасалды.