Өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағытындағы өтінімдердің басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарынан келіп түсуде - QazIndustry

"QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге (бірінші бағыт) және еңбек өнімділігін арттыруға (екінші бағыт) бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсетуді жалғастыруда.

2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында бірінші бағыт бойынша шығындарды өтеуге 21 өтінім келіп түсті. Өтінімдердің басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарынан түскен (12). Сондай-ақ, аталмыш бағыттағы мемлекеттік қолдауға химия және фармацевтика өнеркәсібі, машина жасау және экономиканың басқа да секторларының кәсіпорындары жүгінген.  Өңірлік бөліністе өнімді ілгерілетуге ең көп өтінім Қарағанды облысынан түсті(8).

Осы кезеңде екінші бағыт бойынша, яғни еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеуге 68 өтінім келіп түскен. Салалық бөліністе басым көпшілік өтінімдер машина жасау кәсіпорындарынан (18) және тамақ пен сусындар шығаратын АӨК (17) субьектілерінен түсті. Өңірлік бөліністе Шымкент қаласынан 20 және Астанадан 15 өтінім жолданған.

Жалпы жылдың басынан бері QazIndustry-ге екі бағыт бойынша шығындарды өтеуге 89 өтінім келіп түскен. Оларды қарастырудың нәтижесінде 90 млн теңгеден астам қаражат өтелген.

Сонымен қатар, осы кезеңде QazIndustry мамандары өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері үшін отандық тауарларды ішкі нарыққа ілгерілетуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарды өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша ауызша түрде 207 кеңес беріп, өңірлердегі өнеркәсіптік кәсіпорындарына бару арқылы және Zoom арқылы бірқатар семинарлар өткізді.  Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі шаралар туралы толық ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/kk сайтынан (басты беттегі "бизнесті ынталандыру" бөлімі) немесе 8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефоны арқылы білуге болады.