"QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы ақпараттандыру мақсатындағы көшпелі семинарларды ұйымдастыруды жалғастыруда. Осы бағыттағы кезекті семинар Шымкент және Түркістан облысында өтті.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырған семинар жұмысына 35-тен астам кәсіпорынның өкілдері қатысты.
Кездесу барысында QazIndustry өкілі Айдана Әділсұлтани кәсіпкерлерге өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау, ынталандыру шаралары туралы түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласына сапары аясында QazIndustry өкілі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды. Атап айтсақ, "Nappa.kz" ЖШС, "БК "Lux Shoes", "Әлем БТ", "SAGITEX GROUP", "АГФ Групп", "Жұлдыз-ай", "Alem luxury", "EcoFarm", "Электрозавод сервис", "Taba industrial", "Nurtau distribution company". А.Әділсұлтани шығарылатын өнімдермен танысып, кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау ала алатын шығындар бойынша ұсыныстар берді.
Түркістан облысында жергілікті кәсіпкерлер палатасымен бірлесе ұйымдастырылған кездесуге 20-дан астам кәсіпорынның өкілдері қатысты. Оларға мемлекеттік ынталандыру шараларын алу жолдары мен тетіктері түсіндірілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалана алады. Мемлекет шығындардың 50% - на дейін өтей алады.
Өтінімдер мен құжаттарды қабылдау жыл бойы www.qazindustry.gov.kz сайты арқылы онлайн-форматта жүргізіледі
Мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша қосымша ақпаратты 8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефоны арқылы білуге болады.