QazIndustry өкілдері Қазақстандағы Иранның сауда өкілі Насрин Пабарджамен кездесіп, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық және ирандық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында QazIndustry мамандары еліміздегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысы туралы және АЭА және ИА аумағындағы кәсіпкерлерге қарастырылған жеңілдіктер мен преференциялар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, АЭА қатысушылары салықтық және кедендік төлемдерден (АЭА аумағында өнімді сатуға арналған ҚҚС, корпоративтік табыс салығы, жер салығы және кедендік төлемдер) босатылатыны атап өтілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер дайын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мен өндірістік үй-жайларды алады, шетелдік жұмысшыларды жұмысқа алу тәртібі де барынша жеңілдетілген.
Иранның Қазақстандағы сауда атташесі екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға үлкен қызығушылық танытты және ирандық кәсіпкерлерді тартуға болатын салаларды жекелей зерделеуге уәде берді. Сондай-ақ, Насрин Пабарджа ханым алдағы уақытта екіжақты келіссөздерді талқылау мақсатында қосымша диалог алаңдарын ұйымдастыруға дайын екендігін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Қазақстанда 14 арнайы экономикалық және 35 индустриялық аймақ жұмыс істейді. АЭА қатысушыларын тіркеу тетігі күрделі емес. Инвестор қызметтің басым түрі бойынша өтінім береді, АЭА басқарушы компаниясы сәйкестікті тексеріп, тиісті шарт жасасады. Содан кейін «QazIndustry» АҚ бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде инвесторды АЭА қатысушысы ретінде тіркейді және тиісті куәлік береді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда АЭА және ИА аумағында әртүрлі бағыттардағы 317 жоба жұмыс істейді. Жалпы, брлық кезеңде, 2002 жылдан бастап (ең алғаш құрылған АЭА - "Астана - жаңа қала") 6,8 трлн теңгеден астам инвестиция салынған.