Өндірісті ұлғайту және экспортқа шығу - "Shymkent Qagazy"

"Shymkent Qagazy"

Мемлекет еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған кәсіпорындардың шығындарын өтеу бойынша қолдау шараларын жалғастыруда. Осындай мемлекеттік қолдау тетігін ұтымды пайдаланған кәсіпорындардың бірі Шымкент қаласындағы "Shymkent Qagazy" ЖШС.

Еңбек өнімділігін арттыру және дайын өнімді нарыққа ілгерілету мақсатында жабдықтарды монтаждау мен орнатуға және жұмысшыларын оқытуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу аясында кәсіпорын 58 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алды. "QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ арқылы алған мемлекеттік қолдаудың арқасында зауыт жаңа қарқын алып, өз өндірісін кеңейтіп, өнімдерін тек көрші өңірлерге ғана емес, өзге елдерге де экспорттауды жоспарлап отыр.

Қазіргі күні компанияда 40 адам жұмыс істейді. "Shymkent Qagazy" ЖШС айтуынша, алдағы уақытта өндірісті кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. 

"Біздің кәсіпорын аймақтағы жас және келешегі зор кәсіпорындардың бірі (2021 жылдың желтоқсанында ашылған).  Қазір қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі векторларының бірі «жасыл» экономикаға көшу болып табылады. Бұл ретте қағаз өнімдерін пайдалану экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі шарттарының бірі саналады", - деп атап өтті "Shymkent Qagazy" ЖШС-нің өндіріс жөніндегі директоры Бейбіт Қалқаман.

Компания макулатураны өңдеу ісін жолға қойған.  Өңдеу арқылы гофротара жасау үшін қағаз және картон түріндегі негізгі шикізат алынады. Қағаз жасау машинасының өндірістік қуаты-тәулігіне 65 тонна.

Жабдық Қытайдан сатып алынған. Оны орнату шығындары мемлекет тарапынан жабылып отыр. Кәсіпорын басшылығы өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қызметтер көрсететін "QazIndustry"АҚ-на қолдау шараларын алу үшін жүгінді. Бұған қоса қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қытайдан арнайы мамандар шақырылды.

Қағаз өндірісінің технологиялық процесі қалай жүреді?

Макулатура таспалы транспортер арқылы гидравликалық бөлгішке түседі, онда ол еріп, қоспалардан тазартылады. Содан кейін ұнтақталған масса тазалаудан өтіп, машина бассейніне, содан кейін технологиялық тізбек бойынша - қысым қорабына түседі. Сол жерден торлы үстелде масса азаяды, содан кейін пайда болған қағаз парағы сусыздандыру аймағына ауысады. Материалға берік болу үшін желім қолдану процесі жүреді. Ары қарай қалып белгілі бір температураға дейін қыздырылған кептіру цилиндрлеріне түседі, онда материал толық кептіріледі. Содан кейін қағаз тамбурға оралып, қажетті форматтарға кесіледі. Өнім дайын!

 

"Қағаз өндіру кәсібінде жас болсақ та сапалы шикізат базасымен нарыққа шығып, осындай өнім түрлерін ұсыну арқылы бәсекелесе алатынымызды мақтан тұтамыз.  Бұл істе мемлекеттің қолдауы сезіледі. Қазақстандық кәсіпорындардың осындай қолдау ала алатыны қуантады", - деп атап өтті Б.Қалқаман.

"Shymkent Qagazy" өз өнімдерін өңірде, Алматы облысында және Алматы қаласында ұсынады. Кәсіпорынның Өзбекстанға қағаз бен картон экспорттау тәжірибесі бар. Басшылықтың жоспарында-халықаралық деңгейге шығу. Қазіргі күні өнімді Түркияға жеткізудің белгілі бір перспективалары бар.

"Жоба екі кезеңмен іске асады деп көзделуде. Біріншісі-шикізат өндірісі, яғни гофрленген қағаз және өндіріс ағынында тұрған гофрленген картонның жалпақ қабаттарына арналған картон. Екінші кезең - бұл гофрленген қораптарды, науаларды және т.б. шығару цехын іске қосу. Оның құны - 1,7 миллиард теңге. Бұл жағдайда 100 жаңа жұмыс орны құрылады. Біз орамдардың 30 пайызын экспортқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Гофрленген өнімдерді өндіру цехы 2024 жылы іске қосылады деп күтілуде", - дейді өндіріс жөніндегі директор.

Гофротара өндірісінің жаңа желісі қағаз компаниясын жоғары экономикалық және өндірістік деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын үшін бұл қосымша пайда, ал қала үшін - бюджетті толықтыру.

Зауытта шығарылатын өнімнің сапасына үлкен мән беріледі. Қағаз жасау машинасының өндірісі негізінде барлық өлшеу құралдарымен жабдықталған аттестатталған зертхана жұмыс істейді. Мұнда өндірістік циклдің барлық кезеңдерінде бақылау жүргізіледі. Шымкент компаниясының өнімдері ГОСТ - тың барлық талаптарына сәйкес келеді және сәйкестік сертификаты бар.

 Естеріңізге сала кетейік, өңдеуші өнеркәсіп бағытындағы отандық кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған өз шығындарының бір бөлігін өтей алады. Бұл қызметтерді Qazindustry жыл бойы ұсынады.

Өтінімді qazindustry.gov.kz. сайты арқылы онлайн беруге болады.  Аталмыш сайтта бизнесті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну шарттары мен тетіктері туралы толық ақпарат орналастырылған.

Қосымша  8 (7172) 79 33 90 (ішкі. 444) байланыс телефоны бойынша кеңес алуға болады.