QazIndustry өкілдері "АрселорМиттал Теміртау" АҚ, "KAZ Minerals Management" ЖШС, "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС, "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ және "Қазақмыс" корпорациясының қатысуымен Қарағандының өндірістік кәсіпорындарына барды.
Көшпелі тур барысында делегация "ЭЛТО Энергожүйелері" ЖШС және "Қазполимер" ЖШС-да болып, өндіріс үдерісімен және шығарылатын өнім номенклатурасымен танысты.
"ЭЛТО Энергожүйелері" ЖШС электротехникалық өнімдерді - жарықтандыру тіректерін, діңгектерді, әртүрлі мақсаттағы металл конструкцияларды, шамдарды, электротехникалық жабдықтарды шығарады. Зауыт дамудың жаңа кезеңіне шығып: технологиялық жабдықтың 70% - дан астамы бағдарламалық басқарумен заманауи жабдыққа ауыстырылды, бұл өнімді өндірудің прогрессивті технологияларын қолдануға және өнімнің 200-ден астам жаңа түрін игеруге мүмкіндік берді.
"ҚазПолимер" компаниясы полиуретаннан жасалған бұйымдар өндіреді. Өнімнің сапасы өндірістің барлық кезеңдерінде - шикізат компоненттерін сатып алудан бастап тұтынушыға жөнелтуге дейін толық бақыланады.
Компания өкілдерімен кездесуде өнімді өткізу нарықтарын игеру және жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен ынтымақтастық мәселелері талқыланып, сондай-ақ ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндіктері қаралды.
Кәсіпорын қызметкерлеріне QazIndustry көрсететін мемлекеттік ынталандыру шараларымен таныстырылды.
Айта кетейік, QazIndustry кәсіпорындар мен ірі тапсырыс берушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп, ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп өндіріске көшпелі турлар ұйымдастырады. Бұл тапсырыс берушілер мен отандық өнім берушілер арасындағы іскерлік және сенімді әріптестік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.