Биыл елімізде машина жасау саласында құны 230 млрд теңгені құрайтын 36 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл шамамен 3800 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Оның ішінде жеңіл автомобильдер, өнеркәсіптік аккумуляторлар, лифтілер, тракторлар өндірісі, сондай-ақ "Беларусь" маркалы тракторлар өндірісін одан әрі оқшаулау және т.б. жобалар көзделген.
Жоспарланған барлық жобалар толық қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі шамамен 866 млрд теңге болады деп жоспарлануда. Оның экспортқа 156 млрд теңгеге, импортты алмастыруға - 710 млрд теңгеге өнім жіберіледі.
2022 жылы машина жасау саласында 230,8 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылып, 2769 тұрақты жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, мамандандырылған автомобиль техникасы ("IVECO", KIA Bongo), тракторлар ("DEUTZ FAHR", "TURAN"), автомобиль шиналары, клапандар, ысырмалар, бұрандалы сорғылар, жетектер және т.б. өндірісі жолға қойылды.
Саладағы өткен жылы іске қосылған машина жасау жобалары жоспарланған қуаттылығына толық шыққан кезде олардың өндіріс көлемі шамамен 293 млрд теңгені құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, республикада құны 1,4 трлн теңге болатын 125 машина жасау жобасының пулы құрылған. Олар 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның ішінде 1,7 мыңы - ауылдық жерлерде және 1,5 мыңы - моноқалаларда.
Машина жасау саласындағы барлық жобалар толық қуаттылыққа шығу кезінде жоспарланған өндіріс көлемі шамамен 2,9 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде экспортқа құны 1,2 трлн теңге, импортты алмастыруға - 1,7 трлн теңгеге өнім жіберу жоспарлануда.
Өңірлер бөлінісінде машина жасау саласындағы іске асырылатын жобалардың басым көпшілігі Қостанай облысы мен Астана қаласына тиесілі.