Ағымдағы жылы республикада түсті металлургия саласында 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде алюминий радиаторларын, катодты мыс, доре қорытпаларын, алюминий профильдерін, никель-кобальт концентраттарын, мыс катанкаларын өндіру жобалары бар. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлайды.
Барлық өндірістердің жалпы құны-68 млрд теңгені құрайы. Өндірістерді пайдалануға беру 1300-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Осы жылға жоспарланған түсті металлургия жобаларының жобалық қуатына шығу кезінде олардың өндіріс көлемі шамамен 98 млрд теңгені құрайды. Экспортқа 29 млрд теңгеге өнім жіберіледі деп күтілуде.
Іске асырылатын жобалардың ең көп саны Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, түсті металлургия металлургия өндірісінің құрылымында 65% немесе 5,8 трлн теңгені құрайды (2022 жылғы қаңтар-желтоқсандағы деректер бойынша). Өткен жылы түсті металлургия саласында 218 млрд теңгеге 12 жоба іске асырылып, 2863 тұрақты жұмыс орны құрылған. Сарапшылардың есептеулері бойынша, 2022 жылғы барлық жобалардың толық жобалық қуаттылығына шығу кезінде олардың өндіріс көлемі шамамен 193 млрд теңгені құрайды.
Қазақстанның минералдық-шикізат базасының (түсті металдардың ірі кен орындары - мыс, мырыш, никель, қорғасын, алюминий, алтын, күміс) үлкен әлеуетін ескере отырып, сала шеңберінде қосымша құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 90 жобаның жалпы пулы қалыптастырылды. Олар 25 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын, оның ішінде 17 мыңы - ауылдық жерлерде және 1,9 мыңы - моноқалаларда қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түсті металлургия саласындағы барлық жоспарланған жобалардың толық қуаттылыққа шыққан кездегі өндіріс көлемі шамамен 1,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде экспортқа 1,1 трлн теңгеге өнім жіберіледі деп күтілуде.