Павлодар облысы – Қазақстанның экономикалық дамыған ірі өңірлерінің бірі. Облыс аумағында көпсалалы индустриялық кешен қалыптасқан.
Облыстың негізгі экономикалық бағыттары металлургиялық өнеркәсіп (алюминий, ферроқорытпа өндірісі), электр энергия өндірісі, мұнай-химия саласы, машина жасау және тау-кен өндіру өнеркәсібі болып табылады. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін ірі экспортқа бағытталған өнеркәсіптік компаниялар құрайды.
Павлодар облысы экономиканың прогрессивті және әртараптандырылған құрылымымен сипатталады және мықты ресурстық базаға ие. Жалпы республикалық аумақтық еңбек бөлінісінде ол жетекші орындардың бірін алады. Облыста 60% өндірілетін көмір, 44,3% электр энергия, 76,1% ферроқорытпа өндірісі, 41,7% бензин өндірісі және 100% сазбалшық және өңделмеген алюминийдің республикалық өндірісі шоғырланған.
Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жалпы көлемін қалыптастыруда Павлодар облысының үлесі 2023 жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 3,8%, немесе 892,1 млрд теңгені құрады және еліміздің өңірлері рейтингінде тоғызыншы орынды алады. Өңірдің ЖІӨ құрылымында өнеркәсіп (47,3%), көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдр жөндеу (8,8%), өнімге салынатын салықтар (8,6%) және жылжымайтын мүлікпен операциялар (8,4%) ең жоғары үлесті құрайды.
Республиканың өнеркәсіп құрылымында 2023 жылғы қаңтар-шілде кезеңінде Павлодар облысының үлесі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1% өсіп және елімізде төртінші орынды алып 6,7% немесе
1 752,7 млрд теңгені құрады. Көрсеткіштің өсуі негізінен машина жасау, тау-кен өндіру және карьерлерді қазу, электр энергиясын өндіру, беру және тарату өндірісі көлемінің ұлғаюына байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінің өнеркәсіптік өндірісінің индексі 2023 жылғы қаңтар-шілдеде өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,1% төмендеді. Сонымен қатар, өнеркәсіп құрылымында ең көп бөлігін өңдеу секторы құрайды - 61,2% (1 073,1 млрд теңге). Өңірдің 2023 жылғы қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсібіне ең көп қатысуы металлургия өндірісі (63,3%), машина жасау (9,6%), кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіру (8,9%) сияқты салаларға тиесілі болды.
2023 жылғы қаңтар-шілдеде өнеркәсіптің негізгі капиталына өңірмен 238,9 млрд теңге инвестиция игерілді, бұл, жалпы ел көлемінің 6% құрайды (бесінші орын). Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында ең жоғары инвестиция көлемі металлургия өндірісіне (52,3%), металл емес минералды өнім өндірісіне (17,4%), кокс және мұнай өңдеу өнімдері өндірісіне (14,3%) салынған.
Өңдеу өнеркәсібі саласында Павлодар облысында 1052 кәсіпорын жұмыс істейді (ел көрсеткішінің 5,1%), соның ішінде, 1 008 шағын, 25 орта және 19 ірі.
Павлодар облысы өңдеу өнеркәсібі тауарларын (22 тауар) өндіру бойынша еліміздің үздік үштігіне енеді.
Бұл металл өңдеуге арналған білдектер, автокран, мұнай және газ құбырларына арналған жіксіз болат құбырлар, өңделмеген алюминий және т.б. өндірісі.
Павлодар облысының тауар экспорты 2023 жылғы алты ай қорытындысы бойынша $1 223,9 млн құрады, бұл, 2022 жылғы тиісті кезең көрсеткішінен 24,9% төмен.
Импорт 2022 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 25,7% өсіп, $681,6 млн құрады.
Экспорт бойынша облыстың негізгі сыртқы серіктестері феррохром, өңделмеген алюминий, алюминий оксиді, ферросиликомарганец және т.б. импорттаған Ресей (23,5%), Қытай (18,1%) Түркия (10,8%) болып табылады,
Павлодар облысының тауар импорты негізінен басым бөлігі Ресейден (71,1%), Қытайдан (7,7%), Германиядан (4,3%) машина жасау өнімінен (33,8%), металлургия (26,7%), химия өнеркәсібі (9,1%), кокс және мұнай өңдеу өнімдерінен (5,5%) және басқа да салалар өнімдерінен тұрады.
Павлодар облысы географиялық қолайлы орналасуына байланысты транзиттік рөл атқара алады, себебі, бұнда маңызды табиғи ресурстар мен жер учаскелері, дамыған көлік инфрақұрылымы, арзан электр энергия, салық жеңілдіктерімен арнайы экономикалық аймақ бар.
Павлодар облысы миллион тұғыны бар үш қаламен (Астана, Омбы, Новосібір) қоршалған, теңгерімді экономикалық құрылымға (өңдеу саласы мен шикізатты бастапқы қайта өңдеу саласында), энергетикалық жеткіліктілікке, сондай-ақ, жақсы логистикалық жағдайға (Транссибке шығумен) ие. Осыған байланысты білікті жұмыс күші мен инвестициялар үшін өңіраралық бәсекелестік жағдайында облыс орталығы - Павлодар қаласында өмір сүру сапасын және қалалық ортаны (экологияны қоса алғанда) қамтамасыз етудің маңыздылығы жоғары.
Электр энергиясы мен энергия тасымалдаушылардың артықшылығына байланысты Павлодар облысы энергияны көп қажет ететін салаларды (ауыр машина жасау) дамыту тұрғысынан келешегі зор өңір болып қала береді.
Павлодар облысымен шектесетін Ресей Федерациясының облыстарымен (солтүстікте - Омбымен, солтүстік-шығыста - Новосібірмен, шығыста - Алтай өңірімен) шекаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі мемлекеттің нарық қажеттіліктеріне сүйене отырып және көлік құралдарын ескерумен өнеркәсіптік кооперация әлеуеті анықталды.
Өнеркәсіптік кооперация әлеуеті машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі сияқты салаларда перспективті тауарлар тізбесі арқылы анықталған.
Новосібір облысына мүмкін болатын ең үлкен экспорт темірден жасалған жазық прокат немесе ені 600 мм қоспасыз болат өндірісінде; тақтайлар, табақтар, фольга және полиуретаннан жасалған қуыс жолақтар немесе таспалар өндірісінде; полиэтилен немесе полипропилен жолақтардан жасалған немесе ұқсас пішіндегі басқа қаптар мен қаптамалар өндірісінде; Омбы облысына – цилиндр роликті мойынтіректер және сұйылтылған бутан өндірісінде; Алтай өлкесіне - теңгергіш арбалар, белағаш және доңғалақтар және полипропилен өндірісінде.
Жалпы алғанда Павлодар облысының экономикасы Қазақстан Республикасының экономикасындағы концентрацияның орташа деңгейімен сипатталады.
Өңірдің өңдеу өнеркәсібінде төмендегі өнім түрлерінің өндірістері тауашалы бағыттар болуы мүмкін: ионалмастырғыш шайырлар; амино-альдегидті және фенол-альдегидті шайырлар; полиуретан; желім және басқа да жабысқақтар; металл, тас және ағаш өңдеу бойынша білдетерге арналған бөлшектер; трансмиссиялық біліктер, металл илемдейтін білдектер және оларға арналған бөлшектер; моторлы көлік құралдарының бөлшектері; шыны, шыныдан жасалған көпқабатты бұйымдар; шыны талшық; қара металдан жасалған бұйымдар; қара металдан жасалған серіппелер, рессорлар және табақтар; жылыту радиаторлары; теміржол немесе трамвай вагондары; өздігінен жүрмейтін жүк прицептер мен жартылай прицептер.
Осы тауарлар тізбесі Павлодар облысының экспортталатын тауарларының өнімдік күрделілік индексі және анықталған салыстырмалы басымдық (RCA) арқылы анықталды.