Жаңа digital-ақиқатқа сәйкес: өндірісті цифрландыруға уақытылы көшпегендер көш соңында қалады. Қазіргі таңда адамның қатысуынсыз жұмыстарды басқаратын автоматтық жүйелер, роботтар көптеп енгізілуде. Мұның барлығы жедел әрекет етуге, апаттардың алдын алуға, процестерді оңтайландыруға, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Qazindustry» АҚ-на кәсіпорындардан осы бағыт бойынша, яғни цифрлық технологияларды енгізу шығындарын өтеу үшін өтінімдер көптеп түсуде. Солардың бірі Шымкенттегі жазу және қағаз өнімдерін шығаратын «Qagaz Ordasy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыт А4 және А3 форматындағы кеңсе техникасына арналған қағаз шығарады (барлығы сегіз түрлі өнім өндіріледі). Желінің өндірістік қуаты-жылына 7500 тонна дайын өнім өндіреді. Кәсіпорында 30 астам адам жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы «Qagaz Ordasy» компаниясы шығындарын өтеу үшін QazIndustry-ге екі рет өтінім берген. Нәтижесінде, кәсіпорынның жалпы сомасы 57,8 млн теңгеге цифрлық технологияларды енгізу шығындарының бір бөлігі өтелді. Бұл 2023 жылғы рекордтық сомалардың бірі.
Қазір кәсіпорын бизнес-процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі BPMS (Business Process Management System) бойынша жұмыс істейді.
«Өндірісті басқару жүйесі барлық өндірістік процестердің ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз етеді. BPMS өндірісті жоспарлау, тауарлы-материалдық құндылықтарды басқару, өндірістік көрсеткіштерді бақылау, деректерді талдау жүйелерін қамтиды. Жүйе жиналған ақпараттар негізінде тауарлардың тарихи құнын есептеуге, компанияның алдағы уақыттағы өзіндік құны мен күтілетін пайданы болжауға мүмкіндік береді. Яғни, біз өндірісті алдын ала жоспарлай аламыз, нарықтағы өзгерістерге уақытылы жауап беру арқылы кірістерімізді арттыра аламыз», - дейді "Qagaz Ordasy" ЖШС директоры Қанат Әлімбаев.
Өндірісті басқару үшін шикізат импорты мен өнім экспортын бақылау мүмкіндігі де қосылды.
IT мамандар платформаның мобильді нұсқасын да әзірлеген. Осылайша кәсіпорын басшылығы мен оның қызметкерлері деректерге онлайн түрде қол жеткізе алады.
BPMS енгізілгеннен кейін кәсіпорында оң экономикалық нәтиже күтілуде. Біріншіден, тауарлар мен сатылымдардың өзіндік құнын болжау мүмкіндігінің арқасында еңбек өнімділігі 25%-ға артуы тиіс. Екіншіден, процестердің ашықтығын жақсарту және компанияның негізгі көрсеткіштерін болжау есебінен кәсіпорын табысын 15 %-ға ұлғайту жоспарлануда.
Кәсіпорын цифрландыруды енгізу бойынша толық нәтижеге 2025 жылға қарай жетеді деп жоспарлануда.