2022 жылы қазақстандықтар 23 533 тонна сусабын тұтынған. 2021 жылмен салыстырғанда бұл 24% - ға көп. Бұл ретте отандық кәсіпорындар 570 тонна сусабын өндірді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 14% - ға аз. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ ТМК және химия саласын дамыту дирекциясы хабарлады.
Республикадағы негізгі отандық сусабын өндірушілер – «Аврора Холдинг», «Goldman and Young», «Гала Косметик и К», «GREEN CHEMICAL», «LIVSI PROFESSIONAL», «SONA lab», «Microhim», «Voka» маркасымен «Профхим», «TimSah Chemical», «Аромика» сауда компаниясы, «Кербез» ЖК («Impulse» маркасы) және басқалар.
Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы елге 23 812 тонна сусабын әкелінген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18% - ға көп.
«Ірі мамандандырылған сауда желілері негізінен импорттық өнімдерді орналастырады. Отандық тауарлар өте сирек кездеседі», - делінген хабарламада.
Әзірге, сарапшылардың пікірінше, отандық сусабындар өндірісі, Қазақстанның барлық тұтынушылық химиясы сияқты, орта мерзімді перспективада импорттық өнімдерді ығыстыра алмайды. Себебі әлемдік ойыншылар тарапынан бәсекелестік тым жоғары (Schwarzkopf&Henkel, Colgate-Palmolive, Global Skincare Solutions, Procter&Gamble және басқалар).
«Отандық сусабындар өндірісін дамыту үшін дистрибьюцияны жетілдіруге және өнім маркетингін дамытуға айтарлықтай инвестициялар қажет. Отандық сусабындар өндірісінің және жалпы тұтынушылық химияның ассортименті әлі де нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Сонымен қатар, тұтынушылық химия саласы отандық өндірушілер алдында кең мүмкіндіктер ашады", - делінген хабарламада.