Сүт фабрикасы өндірісті цифрландыруға бағыт алып отыр

Qazindustry мамандары Жамбыл облысындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на барып, цифрлық технологияларды енгізу бойынша негізгі ұсынымдарды әзірлеуге бағытталған технологиялық аудит жүргізді.

Сонымен қатар, сарапшылар кәсіпорын өкілдеріне өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған мемлекеттік ынталандыру шараларын алу мүмкіндіктерімен таныстырды.

Сапар барысында Qazindustry өкілдері сүт өнімдерін өндірудің жинау және дайын өнімді буып-түюге дейінгі барлық кезеңдерімен танысып, ірімшік, құрт және ашытылған сүт өнімдерін өндіру процестерімен танысты.

Кәсіпорын жылына 30 мың тоннадан астам сүт өңдейді. Сүт өнімі Алатау бөктерінде орналасқан Бурное ауылының жеке аулалары мен фермерлік шаруашылықтарынан жиналады. Шөптерге бай жайылымдар, таза ауа, тау өзендерінің тазалығы кәсіпорын өндіретін сүттің дәмділігінің негізгі құпиясы болып отыр. Инновациялық технологиялардың көмегімен сүт өзінің пайдалы қасиеттерін толық сақтайды.

Бурное сүт компаниясының Qazindustry-мен ынтымақтастық іскерлік байланысы 2019 жылдан бастап қалыптасқан. Аталмыш кезеңнен бастап фабрика Qazindustry арқылы төрт рет жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам мемлекеттік ынталандыру шараларын алған. Бұл технологиялық процестерді жаңғыртуға және жетілдіруге көмектесті.

Кәсіпорын алдағы уақытта өнім ассортиментін кеңейту және сүтті қайта өңдеу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мұнда әр түрлі майлылықтағы айран, йогурт және балқытылған ірімшіктер өндірісін бастау көзделуде.

Сондай-ақ, компания отандық өнеркәсіптегі өзекті болып отырған мәселе өндірісті цифрлық трансформациялауға да бағыт алып отыр. Бұл бағытта отандық кәсіпорындарға цифрлық жаңғырту жұмыстарына ықпал ететін оператор ретінде Qazindustry көмектеседі.

 

Естеріңізге сала кетейік, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС 1951 жылдан бастау алған аты аңызға айналған Бурненский ірімшік зауытының негізінде құрылған.