Қарағанды облысының өнеркәсіптік дамуы

Қарағанды облысы – ірі өнеркәсіптік аймақ, Қазақстанда жетекші орын алатын маңызды индустриялық орталық.

Кен өндіру саласы, қара және түсті металлургияның дамуы облыста металлургиялық комбинаттардың өнімдерін өңдеуге бағытталған машина жасау және металл өңдеу кәсіпорындарының құрылуына алып келді.

Сонымен қатар, бұл жерде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, химия және фармацевтика саласы, металл емес құрылыс материалдар өндірісі дамуда.

Өңірдің минералды-шикізат базасы мыс және вольфрам қорына, сондай-ақ, көмір, қорғасын, мырыш, темір, марганец, сирек металдардың ірі кен орындарына бай.

Қарағанды көмір бассейні республиканың металлургия өнеркәсібі үшін кокстенген көмірдің негізгі жеткізушісі болып табылады.

Облыстағы экономикалық өсуді ынталандыру және инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы және «Saran», «Qaz Qarbon» индустриялық аймақтары, сондай-ақ, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жұмыс істейді.

Өңір перспективасында 2027 жылға дейін 15,5 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен, 1 759 млрд. теңгеден артық инвестиция сомасымен 83 өнеркәсіптік жобадан жалпы пул қалыптастырылған.

Төмендегі өнеркәсіп салаларында жобаларды іске асыру жоспарланған: кен өндіру өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, ағаш өңдеу, химия, мұнай-газ химия, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және энергетика. Атап айтқанда, арнайы мақсаттағы болат, катодты мыс, мыс құбырлары, ферросиликоалюминий, арнайы кокс, тұрмыстық техника, жүк автомобильдері, қалыпталған немесе бүктелген бұдыр табақ, сэндвич-панельдер, SPC еден жабындары және т.б. өндірісі жоспарланған.

2023 жылы Өнеркәсіп жобаларының пулы шеңберінде Қарағанды облысында 500 000 тоннаға дейін көмір-химия өнімі, 72 тонна селен, 200 000 тонна көмір, 5000 тонна пластик құбырлар және пластиктан жасалған бұйымдар өндіру бойынша 4 жоба пайдалануға берілді, онда 412 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін металлургия, машина жасау, химия, құрылыс индустриясы, ағаш өңдеу және кен өндіру өнеркәсібі салалары бойынша шамамен 1 196 тұрақты жұмыс орнын ашумен жалпы сомасы 104,1 млрд теңге 6 жобаны іске қосу жоспарланған.

Ағымдағы жылы арнайы кокс, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, өнеркәсіптік жарылғыш заттар, қағаз негіздегі санитарлық-гигиеналық өнім және т.б. өндірісі жолға қойылатын болады.