ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бірыңғай байланыс орталығын іске қосты. Қазірдің өзінде операторлар азаматтарға экспорттық бақылау сұраулары бойынша кеңес береді.
1465 байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліссіз жұмыс істейді. Қоңырау шалу қалалық және ұялы телефондар үшін тегін.
1465 нөміріне қоңырау шалып, сіз тауарды экспорттауға лицензия алу, сондай-ақ нақты тауарды сәйкестендіру жөніндегі қорытындыны алу бойынша кеңес алып, ұсыныстарыңыз бен шағымдарыңызды айта аласыз.
Байланыс орталығының жұмыс принципі оператордан бастап, салалық сарапшыға дейінгі үш қолдау желісіне негізделген.
Министрлік жақын арада консультациялар ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтса, байланыс орталығы арқылы жер қойнауын пайдалану мәселелері жөнінде кеңес алып, табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты ережелер мен рәсімдермен көбірек танысуына мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, алдағы уақытта құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша консультациялар жүргізілмек.
Қоңыраулар барлық ұялы байланыс операторларынан тегін қабылданады.