QazIndustry 52,5 млн теңгеге ШҚО-дағы май өндіру зауытының шығындарын өтеді

ТОО «Altyn Shyghys»

2022 жылдың күзінде «Сей-Нар» компаниялар тобына кіретін «Altyn Shyghys» компаниясы Шығыс Қазақстан облысында өсімдік майларын өндіру зауытын және күнбағыс тұқымын өңдеу цехын іске қосты. Жоба құрылысы 30 млрд теңгені құрады.

Тәулігіне заводта 1400 тонна күнбағыс тұқымы өңделеді.

Зауыт басшылығы мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды ұйғарып, «QazIndustry» АҚ арқылы шығындарының бір бөлігін өтеу шараларына жүгінді. Нәтижесінде 2023 жылы QazIndustry май өндіру зауытына жабдықты орнату бойынша 52,5 миллион теңгеге шығындарын өтеді.

Зауыттың негізгі жабдықтары Болгария, Түркия, Германия, Голландия және Украинада жасалған. Жоба толығымен қалдықсыз және өсімдік майын өндіру процесі жоғары автоматтандырылған жүйеден тұрады.

Зауыттың шикізат қажеттілігі Шығыс Қазақстан облысының есебінен қамтамасыз етіледі. Тағы бір артықшылығы-кәсіпорынға жақын жерде элеватор кешенінің болуы. Бұл зауытқа шикізатты қабылдау, өңдеу, сақтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорында атап өткендей, өнімнің  90% - дан астамы Қытай, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Еуропаға және алыс және жақын шет елдерге экспортталады.

«Зауыт штаттық режимде жұмыс істейді. Біздің өнімдерге сұраныс артып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында біз ертеңгі күнге сенімді бола аламыз. Qazindustry бізге жабдықты монтаждау шығындарының бір бөлігін өтеп, жақсы көмектесті. Мемлекеттің қолдауы отандық кәсіпорындар үшін өте маңызды. Бұл зауыттың одан әрі дамуына кепілдік береді», - деп бөлісті «Altyn Shyghys».

Жобаны жүзеге асыру бюджетке қосымша салықтардың түсуі түрінде өте жақсы әлеуметтік-экономикалық әсер берді және құрылыс кезінде 350 жұмыс орнын және пайдалану кезінде шамамен 120 жоғары ақы төленетін жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету жөніндегі оператор болып табылады. Мәселен, осы жылдың қаңтар айында Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындарға 105 млн теңгеден астам қаржы төледі. Олар еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты біздің ресми сайтымыздан немесе әр бейсенбі күні Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 17 мекен жайында ұйымдастырылатын ашық есік күндерінен біле аласыздар.  Келіңіздер және мамандардан толық кеңес алыңыздар!