Ағымдағы жылдың 29 наурызы күні «Qazindustry» АҚ Цифрлық трансформация дирекциясының мамандары Қазақстан және Орталық Азиядағы KPMG компаниясымен бірлесіп, Абай облысының өндірістік бірлестіктері мен кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты цифрлық бастамалар көмегімен өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау және осы бағыттағы жұмыстар үшін көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру болып табылады.
Кездесуге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы мен «Abai IT-valley» технологиялық кластерінің өкілдері қатысты.
Спикерлер өндіріс пен бизнес-процестерді цифрландырудың маңыздылығы туралы айтты.
«Қазіргі күні цифрландыру таңдауды емес, шешуді қажет ететін мәселе. Ол өнеркәсіптік кәсіпорындарды дамытудың негізгі бағыты болып табылады. Цифрлық технологиялар өндірістік процестерді ғана қамтып қоймай, басқару мен жоспарлауды қоса алғандағы қызметтің барлық салаларына еніп отыр», - деді «Qazindustry» АҚ Цифрлық трансформация дирекциясының бас сарапшысы Қуат Зияданов.
Сондай-ақ, жиын барысында қатысушыларға өнеркәсіпті цифрландыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктері туралы түсіндірілді. Кәсіпорын өкілдері бұл қызметтерді алуға қызығушылық танытты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық кәсіпорындарға цифрлық трансформация процестерін жеделдету бағытындағы кешенді қолдау жұмыстарын жалғастыруда. Мамандар өңірлерде өнеркәсіптік қауымдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдерімен көшпелі кездесулер ұйымдастырып, цифрландырудың негізгі тетіктері мен өңдеу өнеркәсібіндегі цифрлық трансформацияға бағытталған қызметтерді таныстыруда.