«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жұмыс тобы Қостанай облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарының жұмысымен танысып, акционерлік қоғамның - мемлекеттік ынталандыру шаралары, өңдеу өнеркәсібі субъектілері үшін цифрлық стратегияларды әзірлеу және отандық жеткізушілерге ұзақ мерзімді шарттар жасасуға жәрдемдесу боағыттары бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Жұмыс тобының құрамына бизнесті ынталандыру, цифрлық трансформация, жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу, машина жасау саласын дамыту дирекцияларының мамандары кірді.
Іс-сапар барысында QazIndustry өкілдері өңірдегі 11 кәсіпорында болды. Атап айтар болсақ, «Астық» элеваторлық жабдықтар зауыты» ЖШС, «Smart Group» компаниясы, «Азурит» Өнеркәсіптік-сауда фирмасы» ЖШС, «Большевичка», «Техноткань», «Қостанай агромеханикалық зауыты», «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Рудный оқу-өндірістік кәсіпорны», «Қазақстандық арматуралық-оқшаулау зауыты», «Қостанай трактор зауыты», «МТЗ-Қазақстан «Машина жасау зауыты» және «АгромашХолдинг KZ» АҚ -ға қарасты локализациялық орталыққа барды.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары кәсіпорындар басшылығына мемлекеттік ынталандыру шараларының негізгі шарттары мен тетіктері туралы айтып, қолдау шараларын алу үшін өтінімдер мен құжаттар пакетін дайындау мәселелері бойынша кеңес берді.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорындар мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында технологиялық процестерді жетілдіруге, қызметкерлердің құзыреттілігін арттыруға және өзге де өндіріс тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарын өтей алады. Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындарға 792,7 млн теңгеге шығындары өтелген.
QazIndustry мамандары кәсіпорындарға ERG Коммерциялық орталығының, «Қазақмыс» компаниясының және Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің өкілдерімен бірлесе барды. Кездесулер барысында өнімді өткізудің жаңа нарықтарын игеру, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен ынтымақтастық және ұзақ мерзімді шарттар жасасу мәселелері талқыланды.
ERG өкілдері Большевичка тігін фабрикасы шығаратын металлургтерге, дәнекерлеушілерге арналған арнайы формаларға және электр доғасының әсерінен қорғайтын костюмдерге қызығушылық танытты. Сондай-ақ, бизнес-қоғамдастық өкілдері «Фортуна – Мед» компанияларымен медициналық бұйымдар мен жиһаздарды жеткізуге, «МедиДез» ҮЕҰ - антисептикалық құралдарды жеткізуге, Қазақ зағиптар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Рудный оқу-өндірістік кәсіпорнымен қолғаптар мен бланк өнімдерін жеткізу жөніндегі келісімдер жасасу мүмкіндіктерін талқылады.
«Қазақмыс» кәсіпорны «Техноткань» тоқыма фабрикасы шығаратын тау-кен байыту және металлургия өнеркәсібінде қолданылатын сүзгі маталарына және «МехЛитКом»-ның болат құю бұйымдарына қызығушылық танытты.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасуға жәрдемдеседі. Мұндай келісімдер кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа өткізу нарықтарын іздеуге және жаңа өндірістер құруға бағытталған.
Жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу дирекциясының хабарлауынша, биылғы жылы Qazindustry көмегімен кәсіпорындар арасында 109 ұзақ мерзімді келісімшарт және 30 офтейк-келісімшарт жасалған.
Сонымен қатар, іс-сапар барысында цифрлық трансформация дирекциясының өкілдері технологиялық процестерді айтарлықтай оңтайландыруға және өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік беретін IT-шешімдер туралы түсініктеме берді. Кәсіпорындарға технологиялық процестерге IT-шешімдерді енгізу бойынша цифрлық стратегияларды әзірлеу мүмкіндігі ұсынылды.
Айта кететіні, «Qazindustry» АҚ цифрлық трансформация дирекциясы цифрлық шешімдерді әзірлеушілермен, оның ішінде қазақстандық компаниялармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Кәсіпорындардың жұмысына отандық әзірлеушілердің IT-шешімдерін енгізген жағдайда Qazindustry арқылы шығындарды өтеу сомасы 40 % емес, 50 %-ды құрайды. Бұл өз кезегінде бизнесті ынталандырумен қатар, отандық IT-әзірлеушілерді қолдауға бағытталған.