«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мамандары өңірлерге жұмыс сапарларын жалғастыруда. Бұл жолы QazIndustry өкілдері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды. Орталықтың бизнесті ынталандыру, жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу, жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту, цифрлық трансформация және экономикалық интеграция дирекцияларының мамандары кәсіпорындардың технологиялық процестерімен және өнім түрлерімен танысып, QazIndustry қызметтерін түсіндіру мақсатында арнайы семинарлар өткізді.
Атап айтқанда, мамандар Абай облысында орналасқан Семей аяқ киім фабрикасына, «Баязит» және «Семей» тігін фабрикаларына, Семей машина жасау зауытына, Семей механикалық зауытына, Георгиевка сорғы жабдықтары зауытына, ST Invest Group былғары зауытына, «УК Юнис», «Ж.Құрылыс компаниясы», «Терра Вита», «Қазэлектромаш», «Болат Сервис», «Силикат», Qazaq Astyq Group, Alash Group компанияларына, сондай-ақ Курчатовтағы ядролық технологиялар паркіне барды. Ал Өскемен қаласында «ДИМ Строй», «Силумин Восток», «Альянс фарм», «Ремстройполимер», Өскемен конденсатор зауыты, «Востоктехносервис» ғылыми-техникалық орталығы және Өскемен өнеркәсіптік арматура зауытына барды.
Кәсіпорындардағы кездесулерде және семинар-кеңестер барысында бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарға ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы ақпаратты жеткізді. Атап айтқанда, QazIndustry орталығы арқылы кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтей алады. Бұған технологиялық жабдықты сатып алу мен оны монтаждау, цифрлық шешімдерді енгізу және өзге де өндіріс тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындар жатады.
Айта кететіні, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында отандық кәсіпорындарға 1 млрд теңгеден астам теңгеге шығындары өтелген.
QazIndustry мамандары кәсіпорындарға ERG Коммерциялық орталығының, «Қазақмыс», «Қазмырыш» және «Шығыстүстімет» ЖШС өкілдерімен бірлесе барды. Олар офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасу мәселелерін одан әрі пысықтау үшін өндірістік процестермен және шығарылатын өнімнің ассортиментімен танысты. Мұндай келісімдер тапсырыс беруші мен жеткізуші арасында белгілі бір тауарды жеткізу жөнінде жасалып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа нарықтарды игеру және қосымша өндірістер құру мақсатында жасалады.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, ERG өкілдері «Силумин Восток» шығаратын электр тарату және реттеу аппаратурасына қызығушылық танытты. Сондай-ақ, «ДИМ Строй» ЖШС-мен жиілік түрлендіргіштерін жеткізуге негіздемелік келісімдер жасасу мәселелері талқыланды.
«Қазақмыс» барған кәсіпорындардың өнімдерімен танысып, ШҚО мен Абай облысы өндірушілерінің тауарларына деген өздерінің қажеттілігі тұрғысынан сатып алу жоспарларын талдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, компания өкілдері Георгиевка сорғы жабдықтары зауытының өнімдеріне ерекше қызығушылық танытты.
Ал «Қазмырыш» өкілдері «Қазэлектромаш» өнім ассортиментіне қызығушылық танытты. Кәсіпорын басшылығымен бірге олар кабельдік және орамалы өнімдерді жеткізуге оффтейк-келісімшарт жасасу мүмкіндігін пысықтау мәселелерін талқылады.
Экономикалық интеграция дирекциясының өкілдері кәсіпорындарға Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы мүмкіндіктер мен механизмдер туралы түсініктеме берді. Атап айтқанда, кедендік-тарифтік реттеу шаралары, қорғау шаралары, мемлекеттік сатып алулар үшін кәсіпорындарды Еуразиялық реестрге енгізу, сондай-ақ ЕАЭО аясындағы бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылық қолдау көрсету механизмдері түсіндірілді. Бірқатар кәсіпорын жетекшілері импорттық баждарды нөлге түсіру, бірлескен жобаларға қатысу, сондай-ақ ЕАЭО-дағы серіктестерімен өзара әрекеттесуді жетілдіру бойынша өзекті мәселелерді пысықтау туралы ниеттерін білдірді.
Цифрлық трансформация дирекциясының мамандары Өскемен қаласындағы кәсіпорындардың бизнес-процестеріне талдау жүргізіп, цифрлық технологияларды енгізудің негізгі бағыттарын анықтады. Көшпелі жұмыстың нәтижелері өндірістік процестерді оңтайландыруға және компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға бағытталған әрбір кәсіпорын үшін цифрлық трансформация бойынша ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry өндірістерді жаңғырту үшін цифрлық стратегияларды әзірлеу және енгізу бойынша қызметтер көрсетеді. Мұндай қолдауға цифрлық технологияларын енгізуге ниетті өнеркәсіптік компаниялардың саны артып келеді. Тағы бір айта кететіні, кәсіпорындардың жұмысына отандық әзірлеушілердің IT-шешімдерін енгізген жағдайда Qazindustry арқылы шығындарды өтеу сомасы 40 % емес, 50 %-ды құрайды. Бұл өз кезегінде бизнесті ынталандырумен қатар, отандық IT-әзірлеушілерді қолдауға бағытталған.