Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетуде

Елдің өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсмі көрсетуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді. «Өнеркәсіптің өркендеуі: өндірісті дамытудың экономикаға әсері» тақырыбында өткен брифингке «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Берік Бекенов және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов қатысты.

Спикерлер инвестицияларды тарту, жаңа өндірістерді ашу және бизнесті ынталандыру арқылы Қазақстанның өнеркәсіп секторын қалай нығайтатыны туралы ақпарат берді. Вице-министр өнеркәсіптің даму қорытындыларына тоқталып, алдағы уақаттағы жоспарлар туралы айтты.

«Осы жылдың тоғыз айында отандық өнеркәсіп кәсіпорындары 17,1 триллион теңгеге өнім өндірді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға көп. Жыл соңына қарай 5,1 пайызға өсім болжанып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 1,1 триллион теңге инвестиция тартылды, бұл 6,3 пайызға артық. Өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты да 6,4 пайызға өсіп, 17,8 миллиард АҚШ долларына жетті. Импорт көлемі 7,2 пайызға қысқарды, бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді», - деді О.Сапарбеков.

Өсім көрсетуші негізгі драйверлер ретінде жиһаз өнеркәсібі (+17,9%), химия өнеркәсібі (+9,5%), металлургия (+8,3%) және машина жасау (+4,2%) болды.

Вице-министрдің мәліметінше, теміржол машиналарын жасау (алты еседен астам) және тұрмыстық техника өндірісі (екі есе) айтарлықтай өсім көрсетті.

«Биыл Қазақстанда 1,3 триллион теңгеге 180 инвестициялық жобаны іске қосу және 14 900 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 56 жоба пайдалануға берілді, 3800-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылды», - деді О. Сапарбеков.

Сондай-ақ, спикер арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту қорытындылары туралы айтты. Қазір өңірлерде 14 АЭА және 50 ИА жұмыс істейді, олардың аумағында 27 мың жұмыс орны бар 372 жоба жұмыс істейді. Мұнда 730 млрд теңге тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Кәсіпорындар 9,4 трлн теңгеге өнім өндіріп, бюджетке шамамен 521 млрд теңге салық аударды.

«Қазақстанда 37 шағын өнеркәсіптік зона құрылады деп жоспарлануда. Бұл жерлерде инфрақұрылымдрмен қамтамасыз етілген, дайын өндірістік ғимараттар болады. Бизнес субъектілері бұл жерде жалға алудың жеңілдетілген шарттарымен өндірістерін орналастыра алады. Жылдың соңына дейін алғашқы төрт шағын өндірістік зоналар Қостанай және Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында іске қосылуы күтілуде», - деп толықтырды вице-министр.

Есептік кезеңде 703,5 миллиард теңгеге 592 ұзақ мерзімді келісімшарт пен офтейк-контракт жасалды, оның ішінде тау-кен металлургия кешенімен 108,8 миллиард теңгеге 246 келісімшарт бар.

Алдағы уақыттағы жоспарларға тоқталатын болсақ, жүк және жолаушылар вагондарының, локомотивтердің өндірісі ұлғаяды. Тамақ өнеркәсібіне арналған жабдықтар, алкогольсіз сусындарға арналған алюминий банкалар, еден жабындары, керамикалық плиткалар және басқа да құрылыс материалдары желілерін құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, брифинг барысында, құрылыс материалдарына қатысты Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында қоғамдық білім беру ұйымдарын салу кезінде отандық құрылыс материалдары пайдаланылатыны айтылды. Астана, Алматы және Шымкент мектептерінде "MetalFormer" (Астана) және «Семей Құрылыс Материалдары» (Семей) компанияларының талшықты цемент панельдері қолданылады.

Аталған жоба аясында салынып жатқан мектептер 100% құрғақ қоспалармен, гипс бұйымдарымен, қабырға блоктарымен, тауарлық бетонмен және отандық өндірістің әрлеу материалдарымен қамтамасыз етілген.

Брифинг соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.