Шағын өнеркәсіптік аймақтар еліміздің индустрия саласын дамытудың жаңа құралы

Биыл Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шағын өнеркәсіптік аймақтарды (ШӨА) құру бағдарламасы іске қосылды. ШӨА кәсіпкерлерге өз жобаларын жүзеге асыру үшін дайын өндірістік алаңдарды ұсынады. Қазіргі таңда инвесторлар тарапынан еліміздің сегіз өңірінде 37 шағын өнеркәсіптік аймақты іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ АЭА және ИА дамыту дирекциясы хабарлады.

«Шағын өнеркәсіптік аймақтар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында құрылатын болады. Олардың жалпы ауданы 232 мың шаршы метрден асады», - деп хабарлады дирекция.

Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бағдарламасы Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында қарастырылған және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бекітілген. Мұндай индустриалдық аймақтарды ұйымдастыру келесі үш түрлі тәсіл арқылы жүзеге асырылады: жаңа өндірістік үй-жайларды салу, пайдаланылмай тұрған өндірістік үй-жайларды қайта құру (Ready Built Factory үлгісі бойынша) және жұмыс істеп тұрған ғимараттарды кеңейту.

Мамандардың айтуынша, шағын өнеркәсіптік аймақтарды құрудың негізгі мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілеріне инфрақұрылымдық қолдау көрсету, жаппай кәсіпкерліктің дамуына қолайлы орта қалыптастыру, жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың табысын көбейту, экономикалық ахуалды тұрақтандыру және салық салынатын базаны кеңейту.

Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру механизмінде шағын және орта бизнес субъектілерін өндірістік үй-жайларды салу үшін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету, сондай-ақ үй-жайларды арзан бағамен жалға беру қарастырылған.

Дирекцияның мәлімдеуінше, бұл бағдарлама арнайы экономикалық және индустриялық аймақтармен шектелмейді, яғни ШӨА үшін үй-жайларды осы аймақтардан тыс жерде де салуға болады.

Бағдарламаны іске асыру өңдеу өнеркәсібі саласында өндірістерді орналастыру үшін жаңа өндірістік үй-жайлар салу және қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңарту арқылы дайын үй-жайлардың тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.