ЕАЭО аясында қазақстандық жобаны қаржыландыру мақұлданды

 

         «Qazindustry» АҚ қызметінің негізгі бағыттарының бірі отандық өндірушілерге өз өнімдерін ЕАЭО алаңдарында ілгерілетуге қолдау көрсету және осы мақсатта өтінімдер дайындауға аналитикалық және консультациялық көмек көрсету болып табылады.

Ағымдағы жылдың 17 желтоқсан күні QazIndustry-дің сараптамалық, консультациялық қолдауы және құжаттарды сүйемелдеуі нәтижесінде, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы ЕАЭО аясындағы жаңа қаржылық қолдау механизмі бойынша қазақстандық жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Қаржылай қолдау ЕАЭО елдерінің бюджеті есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген несие пайызын субсидиялау арқылы көрсетіледі.

Жоба Kazrost Engineering Ltd. компаниясы тарапынан жүзеге асырылады және жылына 700-1000 комбайн кабиналарын шығару жоспарлануда. Қаржылық қолдау алу үшін кемінде ЕАЭО-ға мүше үш елдің қатысуы міндетті, сондықтан жоба аясында Ресей мен Беларусь өндірушілерімен бірлесіп, қажетті технологиялық жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді жеткізу көзделген. Бұл бөлшектер қатарына шыны, әйнектер, гидравликалық жүйелер үшін насос-дозаторлар, электроника, интерьер мен экстерьер элементтері, сондай-ақ кабина құрастыруға қажетті дәнекерлеу құралдары кіреді.

Жалпы аталмыш жоба ЕАЭО аясында бірлескен қаржыландыру негізінде жүзеге асатын алғашқы жобалардың бірі, әрі одақ елдерінің күш-жігерін біріктіру арқылы бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік өндірістер құруға ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа қаржылық қолдау механизмі биыл ЕАЭО елдерінің басшыларының шешімімен бекітілді. Бұл механизм ЕАЭО мемлекеттерінің арнайы, антидемпингтік және өтемақы баждарынан түсетін қаражаттың 10%-ы көлемінде кооперациялық өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруды көздейді. Субсидиялар Еуразиялық экономикалық комиссияға ұлттық банктердің негізгі ставкаларының 100% көлемінде беріледі.

Механизмге ЕАЭО мемлекеттерінің даму институттары мен екінші деңгейлі банктері, сондай-ақ Еуразиялық даму банкі (ЕАБР) қатыса алады. Қазақстанда бұл 11 банк және төрт даму институты, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры бар.

2024 жылы ЕАЭО бюджетінен кооперациялық өнеркәсіптік жобаларды қолдауға 1,8 миллиард рубль (шамамен 9,5 миллиард теңге) қарастырылған. 2025 жылы бұл сома 3,4 миллиард рубль (шамамен 17,9 миллиард теңге) болады. Алдағы жылдары қаржыландыру көлемі осы деңгейде сақталуы мүмкін, ол баждардан түсетін қаражатқа байланысты өзгеруі мүмкін.

ЕЭК Кеңесі мақұлдаған жобаларға жыл сайын 350 миллион рубльге дейін (шамамен 1,8 миллиард теңге) қаржылық қолдау бөлінеді, бұл сома бес жылға дейін берілуі мүмкін.

Өтінімдерді беру, қарау және мақұлдау механизмдері мен рәсімдері туралы толығырақ 2023 жылғы 26 қазандағы Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің №3 шешімімен бекітілген «Өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларды іріктеу және оларды іске асыру кезінде қаржылық қолдау көрсету тәртібі туралы ережеден» танысуға болады.