Мұнай-газ машина жасау саласының қазіргі жағдайы және даму перспективалары

 

Мұнай-газ машина жасау саласы Қазақстанның өнеркәсібінде маңызды рөл атқарып, мұнай-газ секторының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Бүгінде бұл салада 50-ден астам қазақстандық кәсіпорын табысты жұмыс істеп, екі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнай-газ жабдықтарын өндіруші жетекші кәсіпорындардың қатарында Атыраудағы «Жігермұнайсервис» ЖШС, «АтырауНефтеМаш», Петропавлдағы «ЗМО», Шымкенттегі «Karlskrona LC AB» ЖШС, Ақтөбедегі «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ және басқа да компаниялар бар.

«QazIndustry» АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясы саланың қазіргі жағдайы және даму перспективалары туралы ақпарат ұсынады.

 

Қазіргі жағдай

Соңғы бес жылда сала тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мұнай-газ жабдықтарын өндіру көлемі 167%-ға артып, 2024 жылы 59,9 млрд теңгеге жетті. 2023 жылмен салыстырғанда өсім 28,8%-ды құрады, бұл негізінен крандар, клапандар және вентильдер өндірісінің ұлғаюымен байланысты. Аталған жабдық түрлерін шығару 1,6 есе өсіп, 23,5 млрд теңгеден 39 млрд теңгеге дейін жетті.

Өндіріс көлемінің өсуіне негізгі үлесті Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары қосты. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 4,4 млрд теңгеден 6,9 млрд теңгеге дейін артты («Бёмер Арматура» ЖШС), ал Шығыс Қазақстан облысында 11,2 млрд теңгеден 24,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды («Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ және «Өскемен арматура зауыты»).

 

2019-2024 жылдардағы мұнай-газ машина жасау өндірісінің көлемі, млрд теңге

Дереккөз: ҚР СЖРА ҰСБ

Оң өзгерістерге қарамастан, ішкі өндіріс әлі де нарық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмай отыр. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мұнай-газ жабдықтарының ішкі нарығы 897 млн долларды құрады, оның ішінде импорттық өнімнің үлесі 87,6%-ды құрайды.

2024 жылдың 11 айында мұнай-газ жабдықтарының импорты 945 млн долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда сәл ғана төмен (949 млн доллар). Елге негізінен сұйықтық сорғыларының бөлшектері (5,9%), құбыр желілері, қазандықтар мен резервуарларға арналған арматура (5,9%), құбыр желілері, қазандықтар мен резервуарларға арналған крандар (5,1%), көпсатылы турбокомпрессорлар (4,8%) әкелінеді.

Негізгі жеткізушілер Қытай (импорттың жалпы көлемінің 25%) және Ресей (18%) болып отыр. Бұл елдердің үлесі географиялық жақындықпен қатар, бәсекеге қабілетті өнім ұсынуымен де байланысты.

Алдағы жылдары Қазақстанда мұнай-газ жабдықтарын өндіру көлемі одан әрі өседі деп күтілуде. Бұл саланың дамуына кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейту және өндірісті жергіліктендіру бағытындағы инвестициялық жобалар негізгі қозғаушы күш болмақ.

2024 жылы елде жалпы құны шамамен 3 млрд теңге болатын үш ірі жоба жүзеге асырылып, 275 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы Қарағанды облысында сорғы жабдықтарын жөндеу, құрастыру және сервистік қызмет көрсету цехын салу (1,5 млрд теңге, 21 жұмыс орны) және сорғы агрегаттарын шығаратын зауытты іске қосу (982 млн теңге, 109 жұмыс орны) жоспарланып отыр.

Даму перспективалары

Қазақстандағы мұнай-газ машина жасау саласының даму перспективалары отандық өндірушілер мен ірі мұнай-газ операторлары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тікелей байланысты. Бұл салада негізгі рөлді «Теңізшевройл» (ТШО), «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (КПО) және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (НКОК) сияқты үш ірі компания атқарады. Алайда, осы операторлардың қажеттіліктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі өндірісті жергіліктендіру процесіне кедергі келтіруде.

Бұл кедергіні еңсеруде Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығы (IMB орталығы) маңызды рөл атқарады. IMB орталығы жыл сайын отандық өндірушілер үшін семинарлар ұйымдастырып, «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» сияқты ірі жобаларға арналған тауарларды жергіліктендіру мүмкіндіктерін таныстырады. Соңғы семинар 2024 жылдың желтоқсан айында Атырауда өтіп, онда өнімді жергіліктендірудің перспективалары мен талаптары талқыланды.

 

Қазақстандағы мұнай өндіру көлемінің 2024-2030 жылдарға арналған болжамы,

млн тонна

2024

2025

2026

2027

2028

2029

2030

88,4

97,2

101,5

105,5

103,9

104,8

111,8

Дереккөз: ҚР Энергетика министрлігі

Алдағы жылдары Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің артуы күтілуде. 2030 жылға қарай өндіріс көлемі шамамен 112 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 26%-ға өседі. Дегенмен, 2028 жылы «Теңіз» кен орнында уақытша өндіру көлемінің төмендеуі болжанып отыр. Алайда, 2029 жылы «Қаламқас-Хазар» жобасының іске қосылуы бұл төмендеуді өтеп, өндірістің әрі қарай өсуін қамтамасыз етеді. Мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді, себебі шикізатты өндіру, тасымалдау және өңдеуге арналған жабдықтарға сұраныс артады.

Сала үшін маңызды оқиғалардың бірі – жыл сайын өтетін Қазақстан машина жасаушыларының форумы. Ол машина жасау және металл өңдеу саласына арналған халықаралық мамандандырылған көрме – Kazakhstan Machinery Fair аясында ұйымдастырылады. 2025 жылы көрме 24-25 сәуірде Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Форумға мыңнан астам машина жасау кәсіпорындарының басшылары мен өкілдері, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар және ірі тапсырыс берушілер жиналады. Іс-шара барысында пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар және түрлі секциялық кездесулер өтеді, онда мұнай-газ машина жасау саласы да кеңінен талқыланады.

Жыл сайын форум аясында мұнай-газ машина жасау саласына арналған секциялық отырыс өткізіледі, онда саланың өзекті мәселелері қарастырылады. Талқылауға мемлекеттік органдардың, ірі мұнай-газ операторларының және отандық тауар өндірушілердің өкілдері қатысады. Бұл бірлескен шешімдер қабылдауға және салалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Осылайша, Қазақстандағы мұнай-газ машина жасау саласының даму перспективалары өндірушілер мен операторлар арасындағы тиімді өзара іс-қимылға, сондай-ақ салалық байланыстарды нығайту мен өндірісті жергілікті деңгейде дамытуға бағытталған арнайы іс-шараларға белсенді қатысуға тікелей байланысты.