Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау қалай дамуда

Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығару саласы тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл бағыттағы өндіріс көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,8 есе артып, 161,5%-ды құрады. Қазір елімізде ауыл және орман шаруашылығына арналған тракторлар, егін жинайтын, жер жыртатын машиналар, тіркемелер және басқа да техникалар бұрынғыдан көбірек шығарыла бастады. Бұл саланың дамуына жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары әсер етуде.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Машина жасау саласын дамыту дирекциясы саланы жан-жақты талдап, негізгі үрдістерді, мәселелерді және оларды шешу жолдарын анықтады. Сондай-ақ, болашақтағы даму мүмкіндіктері де қарастырылды.

 

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы қарқынды дамып келеді. 2017–2023 жылдар аралығында өндірістің жалпы құны 10 еседен аса өсті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 258,6 миллиард теңгені құрады. Тракторлармен қатар, шөп шабатын машиналар, пресс-жинағыштар және астық жинайтын комбайндардың да бірнеше түрін шығару көлемі арта түсті.

Қазақстанда комбайндар мен тракторларды шығаратын негізгі кәсіпорындардың қатарында Қостанайдағы «Агромашхолдинг KZ» АҚ, Көкшетауда орналасқан «Қазақстан Аграрлық Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, Семей қаласындағы «СемАЗ» ЖШС, сондай-ақ Қостанайдағы «Қостанай трактор зауыты» мен «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС бар. Бұдан бөлек, Көкшетаудағы «Kazrost Engineering ltd» жекеменшік компаниясы, Түркістан облысындағы «Kaz Kioti» ЖШС және Петропавл қаласындағы «СТ Эсэмбли» ЖШС да ауыл шаруашылығы техникасын өндірумен айналысады.

Аспалы топырақ өңдеу техникасын еліміздің түрлі өңірлеріндегі бірнеше зауыт шығарады. Атап айтқанда, Қостанайдағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы», Петропавл қаласындағы «Казтехмаш машина жасау зауыты» мен «TT Engineering», Павлодардағы «ДАФА» фирмасы, Лисаковскідегі «Дон Мар», Астанадағы «ЦелинАгро», Степногорскідегі машина жасау зауыты, сондай-ақ Көкшетаудағы «KazTechСельмаш» пен «КазАгромаш зауыты» осы бағытта жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, өзге де кәсіпорындар бар.

Сонымен қатар, қазақстандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау әлі де құрамдас бөліктердің импортына байланысты. Көптеген отандық кәсіпорындарда шетелдік өндіріс тораптары құрастырылады. Олардың пайда болу географиясы кең: бұл ЕАЭО елдері де, Батыс Еуропа және Азия мемлекеттері де. Біздің өндірушілердің түпкілікті өнімі негізінен өздігінен жүретін, аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасының әртүрлі түрлерімен ұсынылған.

Ауыл шаруашылығы техникасының тозуы — қазіргі таңда маңызды мәселелердің бірі. Соңғы 20–30 жылда бұл техника паркінің шамамен 80%-ы ескіріп, жыл сайын жаңару қарқыны небәрі 1–1,5% шамасында болып келді. 2023 жылы республика бойынша бұл көрсеткіш 4,5%-ға ғана жетті, алайда мамандардың айтуынша, техника паркін тиімді жаңарту үшін бұл көрсеткіш кемінде 6–8% болуы тиіс. Сол себепті отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындар көбіне ішкі нарықты қамтуға жұмыс істейді, ал экспорт көлемі өте аз.

Бұл салада ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) жетіспеушілігі мен кәсіпорындардың техникалық базасының әлсіздігі байқалады. Жуырда ғана машина жасау саласындағы ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын қаржы өңдеу өнеркәсібі бойынша жалпы шығынның небәрі 22%-ын ғана құрады. Салыстырмалы түрде алғанда, металлургия саласында бұл көрсеткіш 56% болған. Жалпы алғанда, 2017–2022 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібіндегі технологиялық жаңалықтарға жұмсалған қаражат ЖІӨ-нің тек 0,1%-ын ғана құраған.

Сонымен қатар, салада кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қызметкерлердің біліктілік деңгейі де көп жағдайда талапқа сай емес. Әсіресе токарь, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтардан бастап, күрделі технологиялық және электронды жабдықтармен жұмыс істейтін операторларына дейін әртүрлі мамандандырулардың жетіспеушілігі байқалады.

Қазақстанда өздігінен жүрмейтін ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын отандық өндірушілерге арналған жүйелі қаржылық қолдау жоқ, соның салдарынан олар шетелдік өндірушілермен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды, өйткені басқа елдерде бұл салаға мемлекеттік қолдау әлдеқайда жақсы жолға қойылған.

Елімізде ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы проблемаларды шешу үшін бірқатар нақты шаралар қолға алынуда. 2023 жылы әзірленген 2024–2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарында отандық ауыл шаруашылығы техникасын дамытуға бағытталған іс-шаралар көзделген.

Бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасы негізінен «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Технолизинг» ЖШС сияқты даму институттары арқылы сатылымға шығарылуда. Мысал ретінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ жүзеге асырып жатқан «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын атауға болады. Бұл бағдарламаның мақсаты — қазақстандық өндірістегі (құрастырылған) ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен ұсыну. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін лизингтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бағдарламаларға қаржыландыруды көбейту қажет. Алдағы уақытта басымдық — отандық техниканы экспорттық нарықтарға шығару болады.

Бұл мәселенің маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өтті. Президент жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет екенін айтты. Бұл шара ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын жылына 10%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдауды «бір терезе» қағидаты бойынша ұсыну ұсынылды — яғни, салалық қаржы институттарының қызметтерін біріктіру көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясының» мүмкіндігін арттыру үшін ауыл шаруашылығын субсидиялау жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдардан осы корпорацияға беру ұсынылды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2024 жылы жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын және 206 жаңа жұмыс орнын ашқан ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында бес инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда:

1)      «BNK Group Ltd» ЖШС – Түркістан облысында жылына 960 дана

жаңбырлатқыш жабдықтарын өндіретін зауыттың екінші кезеңі іске қосылды. 20 жұмыс орны құрылды;

2)      «BNK Group Ltd» ЖШС – Жамбыл облысында жылына 1000 дана ауыл

шаруашылығы техникасына қызмет көрсететін сервистік орталық ашылды. 19 жұмыс орны құрылды;

3)      «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС – Солтүстік Қазақстан облысында CLAAS

техникасының түр-түрін кеңейту жобасы жүзеге асты. Жоба шеңберінде жылына 370 дана өздігінен жүретін және тіркемелі техника шығару жоспарланған. 100 жұмыс орны ашылды;

4)      «Reimann» ЖШС – Солтүстік Қазақстан облысында тіркемелі, навесной

Ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектер өндіретін зауыт іске қосылды. Жылдық қуаттылығы – 2430 дана. 52 адам жұмыспен қамтылды;

5)      «KazКаспийГидроСельхозТехнология» ЖШС – Жамбыл облысында

жылына 8000 тонна өнім өндіретін тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс іске қосылды. 15 жұмыс орны ашылды.

         2025 жылы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде осындай бес ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 200 млрд теңге қарастырылған.

         Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) жеткіліксіздігі мәселесін шешу үшін мынадай бағыттар бойынша қолдау қажет:
біріншіден, жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын әзірлеу және өндіруге арналған технологиялық жабдықты сатып алуды субсидиялау арқылы кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға жәрдемдесу;
екіншіден, жаңа және жаңартылған ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын әзірлеуге қаржылық қолдау көрсету;
үшіншіден, өнімді сертификаттау сынақтарынан өткізуге арналған арнайы орталық ашуға қолдау көрсету.

Отандық өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында 2024 жылдың мамыр айында шетелден әкелінетін кейбір ауыл шаруашылығы техникаларына берілетін субсидиялар тоқтатылды. Енді қуаты 301 ат күшінен асатын жемшөп жинайтын комбайндар, 6000 литрлік багы бар әрі 36 метрге дейін жерді бір өткелде өңдейтін өзі жүретін бүріккіштер, сондай-ақ көлемі 12 мың литрге жететін багы бар дәл себетін жоғары өнімді сепкіштер мен тіркемелі бүріккіштер тек қазақстандық зауыттардан сатып алынған жағдайда ғана субсидияланады. Бұған дейін субсидиялардың шамамен 60%-ы шетелдік техникаға жұмсалатын. Ал енді бұл көрсеткіш 9%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Яғни, бөлінетін қаражаттың 91%-ы еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін зауыттарды қолдауға бағытталмақ. Сонымен қатар, елімізде шығарылмайтын жеміс-жидек пен көкөніс өсіруге және жинауға арналған арнайы техникаларға субсидия бұрынғыдай 25% мөлшерінде сақталады. Өндірісті елімізде жолға қою және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруда жергілікті үлесті арттыру үшін сала ішіндегі және өзге салалармен (машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі) өзара кооперацияны дамыту маңызды. Бұл жұмыс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен, ауыл шаруашылығы саласының нақты қажеттіліктеріне сай жүргізілуі тиіс. Компоненттерді отандық өндірісте жасау үлесін көбейтудің тиімді жолдарының бірі — шетелдік компаниялармен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасау. Мұндай келісімдерде жергілікті өндіріс үлесіне қойылатын талаптарды нақтылап, қарсы міндеттемелерді күшейту аса маңызды. Егер компаниялар осы міндеттемелерді орындамаса, яғни жергілікті өндірісті тереңдетуге үлес қоспаса, онда мемлекет ұсынатын жеңілдіктер мен артықшылықтардан шектелетін болады.

Бүгінде технологиялардың қарқынды дамуы мамандарға қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр. Осыған орай, Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған маңызды қадамдардың бірі – кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту. Бұл бағытта кадрларды даярлау жағдайын жақсарту көзделуде. Бұған дейін енгізілген шаралар, соның ішінде тегін білім беру мүмкіндігі жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан халықаралық салалық стандарттар мен біліктілікті растайтын сертификаттау жүйесін кеңінен енгізу қажет. Сонымен қатар, теория мен тәжірибені қатар қамтитын – өндірістік тәжірибемен ұштасқан оқыту моделін дамыту маңызды. Мұндай жаңашыл жүйеде колледждер жастар, оқытушылар, жұмыс берушілер мен инвесторлар арасындағы тиімді байланыс орнататын басты орталыққа айналуы керек.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды қолдау шаралары саланың тұрақты дамуына серпін беріп, оның мықты іргетасын қалыптастырады. Бұл бағытта Беларусь елінің тәжірибесі үлгі бола алады. Осыдан 30 жыл бұрын аталған мемлекет өз өндірісі арқылы ауыл шаруашылығы техникасына деген қажеттіліктің небәрі 10–12 пайызын ғана өтей алатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 90 пайызға жеткен, кейбір техника түрлері бойынша — 100 пайызға дейін толығымен өз күшімен қамтамасыз етіп отыр. Мұндай нәтижеге жету үшін қолданыстағы қолдау шараларымен қатар, шығарылатын техниканың технологиялық деңгейін — яғни түпкілікті өнімнің сапалық сипаттамаларын жетілдіру мәселесін де назардан тыс қалдырмау қажет.