«QazIndustry» – Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы тұрақты түрде жер қойнауын пайдаланушылардың, жүйе құраушы кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың сатып алу көлемі мен нарықты зерттейді. Бұл жұмыс отандық өндірушілер игере алатын өнімдерге деген сұранысты анықтауға бағытталған. Алдымен қандай тауарлар мен қызметтердің көп қажет екенін сараптап, кейін отандық кәсіпорындар сол өнімдерді шығара ала ма – соны қарайды. Нәтижесінде кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыс орнап, ұзақмерзімді келісімшарттар мен оффтейк-келісімдер жасалады.
«Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға сәйкес, тапсырыс берушілер оффтейк-келісімшарттар мен келісімшарттық сатып алу шарттарын бекітілген тауарлар тізіміне сай жасайды. Бұл келісімдер өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жоспарлау мен шарт жасасу ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
Импортқа тәуелді, сұранысқа ие өнімдердің тізімін (пулын) жасау кезінде жобалық тәсіл қолданылады – яғни нақты міндеттер белгіленіп, күтілетін нәтижеге қол жеткізу үшін сол тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалады.
Деректерді талдаудың стандартты циклі әдетте төрт кезеңнен тұрады.
1. Мәселені немесе тапсырманы анықтау. Бұл жағдайда басты міндет – мониторинг жүргізілетін субъектілер арасында сұранысқа ие импорттық тауарларды іріктеу.
2. Деректерге қойылатын талаптарды әзірлеу. Бұл кезеңде қойылған міндетті шешу үшін қажетті құралдар мен бастапқы деректер жиналады.
3. Деректерді алдын ала өңдеу. Бұл кезеңде деректер тазартылады, біріктіріледі, қажетіне қарай түрлендіріледі, бар ақпарат негізінде қосымша көрсеткіштер есептеледі, сондай-ақ деректер сұрыпталып, тиісті форматқа келтіріледі.
Деректерді өңдеу кезінде ішкі құн үлесі 0-ден жоғары кәсіпорындардың сатып алулары есепке алынбайды. Сондай-ақ шетелдік компаниялардың ресми өкілдері немесе дилерлері болып табылатын қазақстандық кәсіпорындар назарға алынбайды. Осылайша, талдау барысында тек мониторингке алынған субъектілердің нақты (таза) импорты ескеріледі. Бұдан бөлек, әр есепті кезеңде қайталанбайтын, тұрақсыз тауарлар есепке алынбайды. Талдау жыл сайын тұрақты түрде сатып алынатын, сұранысы бар өнімдерге негізделеді.
4. Деректерді талдау. Деректер қажетті форматта дайын болғаннан кейін, олардан маңызды мәліметтер алынып, тиімді шешім қабылдауға негіз болады. Бұл кезеңде деректерге қарап жалпы жағдай сипатталады немесе болашақтағы үрдістер болжанады.
