Әлемде тоқыма өнеркәсібінің дамуы мен жаңа бағыттары

Талшықтарды, иірілген жіптерді және маталарды өндірумен айналысатын тоқыма өнеркәсібі – әлемдік экономиканың маңызды салаларының бірі. Precedence Research деректеріне сәйкес, 2024 жылы дүниежүзіндегі тоқыма өндірісінің көлемі 1 976,8 млрд АҚШ долларын құраған. Сарапшылардың болжамынша, бұл көрсеткіш 2032 жылға қарай $4 016,5 млрд-қа жетіп, жылдық орташа өсім 7,35% болады деп күтілуде.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы тоқыма саласының әлемдегі және Қазақстандағы даму бағытын зерттеп, негізгі үрдістерді анықтады.

Өндірістік қуаттар әлем бойынша таралған: Азия, Еуропа және Америка елдері бұл нарықты қалыптастыруда белсенді рөл атқарады. Саланың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған жетекші компаниялар қатарында қытайлық Hengli Petrochemical Co.Ltd., жапондық Toray Industries, Inc., француздық Chargeurs SA және тайваньдық Far Eastern New Century Corp. сияқты кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындар инновациялық технологияларды енгізіп, тоқыма өнімдерін жаһандық деңгейде жеткізіп, бүкіл салаға бағыт-бағдар беруде.

Жер бетіндегі халық санының артуы тоқыма өнімдеріне деген жыл сайынғы сұраныстың өсуіне себеп болып отыр. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2037 жылға қарай әлем халқы 9 миллиардқа жетуі мүмкін. Бұл жағдайда киім, іш киім, трикотаж және түрлі аксессуарларға деген қажеттілік едәуір артады. Әсіресе сән индустриясының сұранысы өсіп келе жатқандықтан, сала жаңа материалдар мен технологияларды, сондай-ақ экологиялық таза және қайта өңдеуге бейім өндіріс шешімдерін қажет етеді.

Сұранысқа ие табиға талшықтар (мақта, жібек, зығыр, жүн, қарасора, джут және кашемир).

Өсімдік тектес табиғи талшықтар нарығы қарқынды кеңейіп келеді және экологиялық таза материалдарға сұраныстың артуы және тұтынушылардың қоршаған орта мәселелеріне (пластик қалдықтары, көміртек шығарындылары және т.б.) бейжай қарамауы себеп болып отыр. Бүгінде мұндай талшықтар тек тоқыма саласында ғана емес, автокөлік өндірісі, құрылыс, медицина сияқты түрлі салаларда да қолданыла бастады. Алайда бұл бағытта шешуді қажет ететін түйткілдер де бар — өндіріс шығындарының жоғары болуы, өнім сапасының тұрақсыздығы және күрделі өңдеу технологияларына деген қажеттілік.

Соған қарамастан, өңдеу технологияларындағы инновациялық шешімдер қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде табиғи талшықтардың сапасын арттырып, оларды өнеркәсіптің түрлі салаларында кеңінен қолдануға жол ашуда. Мұндай даму үрдістері табиғи талшықтар нарығын экологиялық жағынан таза әрі тұрақты бағытқа қарай жетелей түсуде.

Global Market Insights мәліметіне сәйкес, өсімдік негізіндегі табиғи талшықтар нарығы 2024 жылы 5,5 миллиард долларға бағаланды, 2025 жылдан 2034 жылға дейін ол жылына орта есеппен 7,2%-дан астам қарқынмен өседі деп болжануда.

Дереккөз: Global Market Insights деректерінен.

 

Өсімдік негізіндегі табиғи талшықтар нарығы түпкілікті өнім түріне қарай бірнеше бағытқа бөлінеді: мақта, джут, қарасора, зығыр, сизаль және кокос талшықтары. 2024 жылы бұл нарықта ең үлкен үлесті 1,8 миллиард доллармен мақта сегменті иеленді. Болжам бойынша, 2025 пен 2034 жылдар аралығында бұл сегменттің орташа жылдық өсім қарқыны 7,2% шамасында болады.

Автоматтандыру және цифрландыру

Автоматтандыру мен цифрлық технологиялар тоқыма өнеркәсібін әлем бойынша түбегейлі өзгертіп жатыр. Жетекші елдер өндірісті басқарудың ақылды жүйелерін, роботтандырылған жабдықтарды және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді белсенді түрде енгізуде. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтуға әрі өнім сапасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Oxford Insights компаниясының 2024 жылға арналған жасанды интеллектті енгізуге дайындық деңгейі бойынша АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея, Франция және Ұлыбритания алдыңғы орында тұр. Бұл елдерде цифрлық инфрақұрылым жақсы дамыған, ұлттық деңгейде жасанды интеллект стратегиялары қабылданған және өнеркәсіпке жаңа технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр.

Precedence Research мәліметіне сәйкес, 2024 жылы әлемдік «ақылды маталар» нарығының көлемі 6,24 миллиард доллар** деп бағаланған.

 

Болжам бойынша, 2025 жылы бұл нарықтың көлемі 8,11 миллиард доллардан басталып, 2034 жылға қарай 86,87 миллиард долларға дейін өседі. 2025–2034 жылдар аралығындағы орташа жылдық өсім қарқыны – 30,13% болады деп күтілуде.

«Ақылды» маталарға қатысты трендтердің қатарында шведтік Polygiene компаниясын атап өтуге болады. Бұл компания ұсынған микробқа қарсы қорғанысы бар маталар жағымсыз иістерді сіңірмейді және жиі жууды қажет етпейді. Бұл өз кезегінде су мен электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндай маталар әсіресе спорттық және жұмыс киімдерінде, яғни тазалық пен жайлылық маңызды рөл атқаратын салаларда жоғары сұранысқа ие.

Германия мен Оңтүстік Кореяда жылуды өздігінен реттейтін жаңа материалдар пайда болды. Мұндай маталар суықта жылуды сақтап, ал ыстықта «тыныс алып», денеге жайлылық береді. Олар көбіне сырт киім мен далада жұмыс істеуге арналған тоқыма өнімдерінде қолданылады.

Экологияға зияны жоқ материалдарға қызығушылық артып келеді. Мәселен, финдік Spinnova компаниясы ағаштан ешқандай химиялық қоспасыз талшық өндіреді. Бұл талшықтар толығымен ыдырайды және қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сонымен қатар, басқа елдерде сәндік киім мен аксессуарларға арналған маталарды жасау үшін саңырауқұлақ мицелийі мен бактериялық целлюлоза сынды балама материалдар кеңінен қолданыла бастады. Мұндай шешімдер тұрақты дамуға бет бұрған брендтер арасында танымал бола түсті.

Қайта өңдеу саласына да ерекше назар аударылып отыр. Швецияда Renewcell компаниясы ескі мақта киімдерінен Circulose атты талшық өндіріп, оны танымал брендтер өз өнімдерінде қолданып келеді. Бұл — киім қалдықтарына екінші өмір сыйлап, қоқыс көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Канададағы Debrand стартапы дүкендерге қажетсіз киімдерді жинап, сұрыптап, қайта өңдеуге жіберуге көмектеседі. Олар ірі бөлшек сауда желілерімен жұмыс істеп, тоқыма өнімдерін тұтынудың жабық циклін құрып отыр. Ал Оңтүстік Кореяда табиғи және синтетикалық талшықтарды автоматты түрде ажырататын желілер іске қосылған. Бұл технологиялар қайта өңдеу процесін жеңілдетіп, шығынды азайтады және тиімділікті арттырады.

Қазақстанда тоқыма өнеркәсібі не ұсынады?

Тоқыма өнеркәсібі — Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі. Бұл сала жұмыс орындарын ашып, шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік береді және елге экспорттық табыс әкеледі. 2025 жылдың басында елімізде тоқыма өнімдерін шығаратын 485 кәсіпорын жұмыс істеді. Бұл — жеңіл өнеркәсіптегі барлық кәсіпорындардың шамамен 34%-ы. Өндірістің негізгі бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында шоғырланған. Бұл аймақтарда мақта шикізатына және жұмыс күшіне қолжетімділік жоғары.

2024 жылы отандық тоқыма өнімдерінің өндіріс көлемі 116,7 миллиард теңгені құрады. Саладағы негізгі кәсіпорындар қатарында «Азала Текстиль», «Бал Текстиль», «Азала Коттон», «АГФ Групп» сияқты компаниялар бар. Олар ішкі нарықты да, шетелге экспортты да қамтып отыр.

Қазақстан тоқыма саласын дамытуды жалғастырып жатыр. Бұл ретте жабдықтарды жаңарту, жергілікті шикізатты көбірек пайдалану және жалақы деңгейін арттыруға басымдық берілген (2024 жылы орташа жалақы 210,9 мың теңгені құрады). 2022–2025 жылдарға арналған Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі Жол картасы аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, өнімге таңбалау енгізу, инфрақұрылымды дамыту және терең өңдеу кластерлеріне инвестиция тарту сияқты қолдау шаралары қарастырылған. Осы бағытта тоқыма кластерлерін қалыптастыру маңызды бағыт ретінде белгіленді. Ірі жобалардың бірі Түркістан облысында іске асырылып жатыр – бұл жерде мақтаны өңдеудің толық циклі, яғни иіру фабрикасынан тігін өндірісіне дейінгі барлық кезеңді қамтитын өндіріс жолға қойылмақ. Сонымен қатар, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында жүн мен синтетикалық талшықты қайта өңдеуге бағытталған жобалар дайындалды.

Саладағы инновациялық белсенділіктің де өсу әлеуеті жоғары. Соңғы деректерге сәйкес, бұл көрсеткіш 2020 жылы 10,4% болса, 2023 жылы 11,1%-ға дейін өсті. Инновациялық белсенділігі жоғары өңірлер қатарына Қостанай, Қызылорда, Ұлытау және Жетісу облыстары кіреді. Кейбір орта және ірі кәсіпорындар өндіріс желілерін автоматтандыру, цифрлық есеп жүргізу, сапа менеджменті жүйелері сияқты цифрлық шешімдерді енгізе бастағанымен, мұндай бастамалардың ауқымы әлі де шектеулі.

Тоқыма қалдықтарын қайта өңдеу, экологиялық материалдарды пайдалану, тұрақты өндірістік технологиялар мен цифрландыру сияқты жаһандық үрдістерді ескере отырып, қазақстандық тоқыма өнеркәсібіне заманауи тәсілдерге белсенді түрде көшу қажет. Бұл бағытта елімізде бірқатар маңызды бастамалар қолға алынып жатыр. Мысалы, Алматыдағы Fabriqa жобасы тұйық өндірістік цикл қалыптастыра отырып, тоқыма қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамытуда. EcoSan әлеуметтік стартапы экологиялық таза материалдардан бұйымдар жасап, халықтың осал топтарын тігін ісіне үйретеді. Ал Special Gear Kazakhstan компаниясы экологиялық менеджмент пен ресурстарды ұтымды пайдалану стандарттарын енгізіп отыр.

Қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық та бұл салада маңызды рөл атқарады. Halyk Bank – GRI халықаралық стандарты бойынша ESG-есеп ұсынған және бизнестегі тұрақты бастамаларды қолдау үшін «жасыл» несиелеу бағдарламасын іске қосқан Қазақстандағы алғашқы қаржы институты. Бұған қоса, банк БҰҰ мен UNEP ұйымымен бірлесіп, Reuse. Recycle. Reduce атты іс-шара өткізді. Бұл бастама экологиялық тұтыну мәдениетін дамытуға және тұрақты даму жобаларын қолдауға бағытталған.

Саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тоқыма өнімдерін қайта өңдеу мен тұрақты өндіріс бағытындағы бастамаларды кеңейту, өндірістік және ғылыми-білім беру кластерлерін қалыптастыру, тәжірибеге негізделген ҒЗТКЖ-ны қолдау, сондай-ақ экологиялық стандарттар мен ESG-тәсілдерді (яғни бизнесті экологиялық — Environmental, әлеуметтік — Social және басқарушылық — Governance факторларын ескере отырып жүргізу) енгізу қажет. Бұл қосылған құны жоғары инновациялық өнім шығаруға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және Қазақстанның жаһандық тоқыма өндірісі тізбегіндегі орнын нығайтуға жол ашады. Мұның бәрі еліміздің тоқыма саласының тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.