QazIndustry өкілдері Оңтүстік өңірлердегі кәсіпорындарға барды

QazIndustry өкілдері Оңтүстік өңірлердегі – Шымкент, Тараз қалалары және Түркістан облысындағы кәсіпорындарға барды. Цифрлық трансформациялау, бизнесті ынталандыру, сондай-ақ ТМК және химия саласын дамыту дирекциясының қызметкерлері кәсіпорындардың өндіріс процестерімен танысып, өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасы аясында өндірісті цифрландыру бойынша кеңестер берді және мемлекеттік ынталандыру шараларын таныстырды.

Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мамандары «ЖЖФЗ» ЖШС, «Қазфосфат», «ЖЗМК «Имсталькон», «Rano Komfort Service», «ТаразКожОбувь», «Ontustik Kagaz», «Әлем БТ», «Химфарм», «Karlskrona LC AB», «Балаби», «Бал Текстиль», «Shymkent Temir», «Қазалпақ», «SK Group», Kaztor LTD, Er-Qan Group, Кентау трансформатор зауыты және басқа да кәсіпорындарға барды. Мамандар оңтүстік өңірлердегі кәсіпорындардың цифрландыру деңгейін жоғары бағалады.

Мысалы, Тараздағы «Қазфосфат» кәсіпорнын аралау барысында «BEST Vision Technologies», «KIT Systems», «HUB цифрлық шешімдер» IT-компанияларының өкілдерімен бірлесіп, бейнежазба ағынын талдау және нақты уақытта қауіпсіздік техникасын бұзуды анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта жоба технологияларды интеграциялауды, соның ішінде бейнекамераларды орнату, қол жеткізуді бақылау жүйесін енгізу және өндіріс аймақтарын автоматтандырылған түрде бақылауды жобалау кезеңінде тұр. Алдағы уақытта жобаны жедел енгізу және функционалды сынау үшін жасанды интеллекті бойынша дайын шешімдер ұсынатын серіктес компаниялардың қатысуы жоспарлануда.

Еске сала кетейік, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындарға жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізуге ақпараттық және кеңестік қолдау көрсетеді. Мамандардың айтуынша, өнеркәсіпке жасанды интеллекті енгізу бойынша Жол картасын іске асыру өнеркәсіп саласын цифрландыру және кәсіпорындарда инновациялық технологияларға деген сенімді қалыптастыру жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге ықпал етеді.

Сондай-ақ, жұмыс іссапары аясында кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын алу мүмкіндіктері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша ақпараттар жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет ел ішінде басым қазақстандық тауарларды теміржол арқылы жеткізу шығындарының жартысын өтеу басталғаны атап өтілді.