Төртінші өнеркәсіптік революция немесе 4.0 индустриясы бүгінгі таңда әлемдік технологиялық дамудың озық үрдістерінің бірі болып табылады. Ақпараттық технологиялар адам қызметінің барлық салал
Төртінші өнеркәсіптік революцияның мәнісі нақты әлемнің виртуалды әлеммен біріктірілуінен тұрады, соның нәтижесінде бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктірілген жаңа киберфизикалық кешендер пайда болады. 4.0 индустриясы бұйымды цифрлық жобалаудан, оның цифрлық көшірмесін жасаудан, нақты уақыт режимінде предиктивті техникалық қызмет көрсетуден, құрамдастарды жеткізудің автоматтандырылған жүйесінен бастап клиенттермен жұмыс жасаудың жекешелендірілген тәсіліне дейін өнеркәсіптік өндірістің барлық процестерін барған сайын автоматтандыруды және интеллектуалдауды білдіреді. 4.0 индустриясы технологияларына: ауқымды деректер базасын талдау, предиктивті техникалық қызмет көрсету, коллаборативті роботтар, адамдармен өзара байланысатын, лас, қауіпті немесе тым ескі жұмысты орындайтын «ақылды» құрылғылар, заттардың индустриялық Интернеті - жабдықтарды, датчиктерді, сенсорларды Интернет желісіне қосуды, сол элементтерді өз арасында біріктіруді көздейтін инфокоммуникациялық инфрақұрылымдарды құру тұжырымдамасы, аддитивті технологиялар (3D баспасы), имитациялық модельдеу, толықтырылған және виртуалды ақиқат, автономды көлік құралдары жатады.
Цифрландыру өндіріс икемділігін арттырады, жаңа өнімді нарыққа шығару уақытын қысқартады, бұл жаңа бизнес-модельдерді іске асыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығы өнеркәсіп кәсіпорындарының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін едәуір де арттырады: – еңбек өнімділігі процестерді оңтайландыру, деректерді нақты уақыт режимінде жылдам талдау мүмкіндігі, авариялық жағдайлар мен тоқтап қалуды азайту, қызметкерлер мен жабдықтардың өзара байланысының жақсаруы есебінен орта есеппен 10-20%-ға артады; – еңбек қауіпсіздігі аса қауіпті аймақтар мен жарақаттану деңгейі жоғары орындарда адам еңбегін барынша азайту есебінен қамтамасыз етіледі.
Мысалы, кеніштегі қауіпті аймақтарды және персоналдың жарақаттануын болдырмайтын деректерді тексеру үшін. Бұл операторларды жерасты ортасынан диспетчерлік аппараттардағы анағұрлым қауіпсіз және ыңғайлы жұмыс орталарына көшіруге де мүмкіндік береді; – жаңа өнімді нарыққа шығару мерзімдері цифрлық инжиниринг технологияларының және тез прототиптеудің арқасында 20%-ға қысқарады. Бұдан басқа, кәсіпорындар өзінің нарықтағы позицияларын нығайта алады және клиенттердің қажеттіліктері мен нарық болжамдарын нақты айқындау, сондай-ақ айрықша қажеттіліктер негізінде өндіру есебінен жаңа нарықтарды игере алады.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның алдында Төртінші өнеркәсіптік революцияны қоятын тарихи сын-тегеурін туралы айтылған болатын. Жолдау тезистерін әрекетке тікелей нұсқау ретінде қабылдай отырып, ел Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде адами капиталды байытуға, цифрлық инфрақұрылымды, меншікті технологияларды және 4.0 индустриясы технологиялары бойынша құзыретті дамытуға, сондай-ақ нормативтік реттеуді, қаржылық және өзге де ынталандыру шараларын жетілдіруге қатысты, өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыру жөніндегі бірқатар бастамаларды ұсынды.
Өндірісті цифрландыру отандық кәсіпорындар үшін меншікті пайдасын көбейтіп қана қоймай, сондай-ақ дамудың жаңа технологиялық деңгейіне шығуға, жаңа нарықтық тауашаларды табуға мүмкіндік береді. 4.0 индустриясының қысқа кезеңдік экономикалық пайдасынан бөлек - бұл бизнес пен қолданбалы ғылым арасында кооперацияны күшейтудің таптырмас мүмкіндігі.
Отандық ЖОО мен ҒЗИ әзірлемелері өндіріске ресурс үнемдеуші, жоғары тиімді ғылыми негізделген технологияларды ұсына алады. Бұдан басқа, өнеркәсіпті цифрландыру жобаларының төңірегінде ИТ саласында одан әрі халықаралық деңгейде бәсекелесе алатын жоғары технологиялық сервистік компаниялар құрылатын болады. Мұның барлығы жоғары білікті адами капиталдың дамуына да септігін тигізері анық.