Экономиканы әртараптандыруды және оның шикізат экспортына тәуелділігін азайтуды негізгі мақсат еткелі елімізде индустрияландыру бағытындағы бағдарламаларға барынша басымдық беріл
Бұлай деуімізге нақты дәлел де бар. Мәселен, өнеркәсіптегі өңдеуші сектордың үлесі 2010 жылғы 31,8 проценттен 2017 жылы 41,3 процентке, экспортта – 2010 жылғы 27,9 проценттен 2017 жылы 32,3 процентке артқан. Жалпы индустрияландыру бағдарламасы басталғалы бері, яғни 2010-2017 жылдар аралығында елімізде жалпы сомасы 6,6 трлн теңге болатын 1148 жоба іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бір ғана 2017 жылдың өзінде жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеден астам 120 жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Ал биыл 850 млрд теңгенің 123 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Онда 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Ресми мәлімет сондай-ақ 2010 жылдан бастап 2017 жылға дейін өңдеуші секторға 29,4 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын көрсетеді. Егер бұрын (2005-2009 жылдарға) өңдеуші секторға тікелей шетел инвестициясы жалпы ағынының шамамен 7,4 проценті тиесілі болса, бірінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 14 процентке, екінші бесжылдықтың басынан 20,8 процентке дейін өскен. Бүгінде индустрияландыру бағдарламасының екінші бес жылдығы жүзеге асырылуда. Бұл аса күрделі жұмысқа алғашқы қадам 2010 жылы жасалған болатын. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қабылдануы бір жағынан экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты, екінші жағынан жаһандық дағдарыс құбылыстарына қарсы кешенді шара ретінде қарастырылды. Жалпы Қазақстанда тұтастай индустрияландыру бағдарламасын қолға алудың өзі батыл қадаммен пара-пар еді. Өйткені Мемлекет басшысы айтқандай, «Біз инновациялық-индустриялық секторды тақыр жерден бастадық». Десе де, елдік бағыттың дұрыстығы бірінші бесжылдықтағы табыстармен айқын білінді, бүгінде жоғары өнімнің жетістіктерін жұртшылық сезіне бастады. Индустрияландыру шарапатының арқасында іске қосылған нысандардан бюджетке триллиондаған теңгенің өнімдері түссе, жер-жерлерде құрылған жұмыс орындары ел игілігіне қызмет етуде. Бастысы, еліміздің экономикалық құрылымын өзгертуде маңызды қадам жасалып, жаһандық экономиканың алмағайып жағдайында дағдарысқа қарсы ден қоюдың теңдессіз тәжірибесін бастан өткердік. Нәтижесінде, Қазақстанда алғашқы бесжылдықтың өзінде 770-тен астам кәсіпорын іске қосылды, соның арқасында өңдеуші өнеркәсіптің құрылымы өзгеріп, отандық экономикадағы дәстүрлі, қуатты металлургия, азық-түлік өнеркәсібіне қосымша жаңа бағыттар ашылды. Қазақстанда индустрияландырудың алғашқы жылдары өңдеуші өнеркәсіп өсімінің қарқыны дәстүрлі өндіру саласынан алғаш рет асып түсті. Яғни 2011 жылдан бастап өңдеуші сектордың өсімі тау-кен өндіру саласын басып оза бастады. Соған орай, Қазақстан өңдеуші өнеркәсіп секторының нақты өсімі бойынша Кеден одағы елдері арасында көшбасшы елге айналды. Негізінен 2010-2014 жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бірінші кезең іске асырылды. Онда индустриялық дамуға заңнамалық, инфрақұрылымдық және институттық негіз қаланды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 процентке азайды. Ал өңдеуші секторға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар ел тәуелсіздігінің алдыңғы жылдарымен салыстырғанда 2,9 есеге артты. Өңдеуші өнеркәсіп саласында жаңа әрі маңызы жоғары 28 сектор пайда болды дейді дерек көздері. Индустрияландыру еншісіндегі алғашқы 5 жылда-ақ бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Шетелдерге экспортталатын тауарлар номенклатурасы 38 процентке артты. Технологиялық тұрғыда күрделі саналатын отандық тауарларды шығарып, ішкі нарықта тұтыну үлесі артты. Еліміздің өңдеуші өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,6 есеге ұлғайды. Жұмысшылары жоғары білікті, 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Индустрияландырудың арқасында елімізде экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді ірі салалары дамыды. Еліміздің 7 өңірінде бой көтерген жаңа жобалар қайта индустрияландыру үшін тың серпін болды. Үкімет өңірлерде Арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға қол жеткізіп, индустрияландыру жобалары өңірдегі өсімге оң ықпалын тигізді. Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, екінші бесжылдыққа да қадам бастық. Сөйтіп Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстан-2050» стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарына, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, сондай-ақ Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің XXVI жалпы отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау үшін және Президенттің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленді. Индустриялық-инновациялық дамытудың негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Осыған қол жеткізу үшін бірқатар міндет белгіленді. Айталық, дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен тиімді базалық индустрияны құруды аяқтау, сала түзуші ірі жобаларды іске асыру арқылы индустриялық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру, экспортқа бағдарланған тиімділігі жоғары индустриялық кәсіпкерліктің пайда болуы және өз еңбегінің өнімділігін үнемі арттыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету, сонымен қатар инновациялық белсенді бизнестің қатары арту үшін алғышарттар жасау. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, екінші бесжылдықтың да нәтижелері көңіл қуантарлықтай. Мысалы, өңдеуші өнеркәсіптегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2017 жыл үшін 9,4 трлн теңгені құрап, 2016 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,6 процентке өскен. Ал 2018 жылғы қаңтар-маусымда өңдеуші секторда 4 922,5 млрд теңгенің өнімі өңдіріліп, өткен жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 5,2 процентке артқан, өңдеуші өнеркәсіп өнімінің экспорт көлемі 2017 жылғы осы кезеңіне 22,1 процентке өскен. Ал өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 532,8 млрд теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,2 процентке артқан. Маңыздысы, қазіргі таңда кәсіпорындарға жүйелі қолдау шараларын көрсету нәтижесінде жаңа өндірістер енгізу, қолда бар кәсіпорындарды жаңарту және ұлғайту жүзеге асырылуда